RU

Алматыда автобустарға маска кимеген жолаушыларды анықтайтын камера қойылды

қоғамдық көлік
Көрнекі фото: NUR.KZ

Алматыда автобус пен троллейбусте бетперде тақпайтын және тыйым салынған орынға отыратын жолаушыны анықтайтын жоба іске қосылды. Енді қала әкімдігі қоғамдық көлік ішіндегі адамдарды бейнекамера арқылы қадағалап, тәртіпке бағынбаған азаматқа айыппұл салады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, арнайы орталық қоғамдық көліктерде санитарлық талаптың сақталуын онлайн режимде бақылайды.

Егер де бетперде кимеген адам анықталса, алдымен жүргізуші оған ескерту жасауы керек. Жолаушы тәртіпке көнбесе, полиция шақыртылып, ережені елемеген айыппұл арқалайды.

Алматы қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев дәл қазір мұндай "ақылды" камера тек бір автобусқа қойылғанын айтады.

Оның сөзінше, бұндай құрылғы ай соңына дейін барлық автобустарға қойылмақ.

"Жоба бетперде кимейтіндермен қоса, арақашықтық сақтамайтындарды да анықтайды. Арнайы бейнекамералар автобустағы жолаушылар ағынын бақылап отыруға мүмкіндік береді", - дейді Қоңырбаев.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Айта кетейік, бұған дейін елімізде көшеде міндетті түрде маска тағып жүру талабы бекітілген болатын.

Жаңа ереже бойынша тұрғындар: жабық нысандарда (дәріхана, дүкен, кеңсе, медициналық ұйым, халыққа қызмет көрсету саласындағы ұйымдар мен басқа жерлерде), көлікте және көшеде жүргенде, COVID-19 ауруы бойынша күдікті адамға көмектескенде, коронавирус инфекциясына ұқсас ауру белгілері пайда болған жағдайда (дене қызуының көтерілуі, жөтел немесе түшкіру) маска тағып жүруге міндетті.

Сонымен қатар АҚШ ғалымдары масканың коронавирус жұқтыру қаупін төмендететінін мәлімдеген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1868497-almatyda-avtobustarga-maska-kimegen-zolausylardy-anyktajtyn-kamera-kojyldy/