Бейрут портындағы жарылыстан кейін 16 адам қамауға алынды
Жарияланған күні:
Бейруттағы жарылыстан кейінгі тергеу барысында Ливан билігі 16 адамды қамауға алды. Олардың арасында Бейрут портының бас директоры Хасан Корайтем де бар деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қайғылы оқиғадан қаза болғандардың саны әлі белгісіз. БАҚ жойқын жарылыс кезінде кемінде 157 адамның көз жұмғанын хабарлайды.
"Тергеу аясында он алты адам қамауға алынды", - деп үкіметтің өкілі Акикидің сөзін Ливан мемлекеттік ақпарат агенттігі келтірді.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары Бейруттағы порттың бас директоры ұсталғандардың арасында екенін растайды деп жазады The Independent.
Әскери сотта үкіметтің өкілі судья Фади Акики порттың жұмысшыларынан жауап алынып жатқанын да атап өтті.
Бұған дейін елдің орталық банкі жеті адамның, соның ішінде порт директоры мен Ливан кеден басшысының шоттарын бұғаттап тастағынын мәлімдеген еді.
Орталық банктің арнайы нұсқаулығында банктік құпия туралы заңның аталған адамдардың шоттарына қатысты болмайтыны айтылған.
Сонымен қатар мемлекеттік прокурор Гассан Вадеат аталмыш адамдарға елден кетуге тыйым салуды бұйырды.
Естеріңізге сала кетейік, 4 тамызда Ливан астанасы Бейрутта жойқын жарылыс болып, қала тұрғындарының зәресін ұшырды.
Олар ақырзаман басталды деп ойлап қалған. Алайда кейін Бейрут портында жарылыс болғаны анықталды.
Елдің премьер-министрі Хассан Диябтың сөзіне қарғанда, 100-ден астам адамның өмірін жалмаған порттағы жарылысқа алты жыл бойы 2750 тонна аммиак селитрасын дұрыс сақтамау себеп болған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1868498-bejrut-portyndagy-zarylystan-kejin-16-adam-kamauga-alyndy/