Әкімге "ханның қызысыз ба?" деп желіні шулатқан әйел сотқа тартылды
Жарияланған күні:
Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықоваға "Ханның қызысыз ба?" деген белсендісі Сандуғаш Тұрлыбекова әкімшілік жауапқа тартылды. Алайда оның үстінен қозғалған іске көршісінің арызы себеп болған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Malim.kz-ке сілтеме жасап.
"Бұл 28 шілде күні болған оқиға ғой. Мен Жаңақорғандағы ескі екі қабатты үйде тұрамын. Ауыз су мен дәретханамыз сыртта. Ішке су кіргізу үшін жеңгем екеуіміз су маманымен сыртта сөйлесіп тұр едік. Көршілерім Ғалия Бекмұхамбетова мен Әсел Қатпарова бізге соқтығып, ауызына келгендерін айтты. Біз ұрысқанымыз жоқ. Мән бермей кетіп қалдық. Сөйтсек, "мені балағаттады" деп тәртіп сақшыларын шақырып, арыз жазып тастапты", - дейді ол.
Жергілікті судья сот отырысында Сандуғаш Тұрлыбекованы әкімшілік кодекстің 434 бабы 3 бөлігімен кінәлі деп тауып, 38 892 мың теңге айыппұл салған. Ал жеңгесіне 9 мың теңге айыппұл кесіп берген.
"Мен көпбалалы анамын. Осы уақытқа дейін көп қиындықты көрдім. Жасым отыз алтыда. 34 жасымнан бастап қоғамдық өмірге араласа бастадым. Елдегі көпбалалы аналар проблемасын айтып жүрмін. Содан бастап "ұрысқақ, даукеспеге" айналып кеттім. Соттың шешімімен келіспей аудандық әкімдікке бардым. Араша сұрадым. Мені қолдап жиырма шақты көпбалалы аналар барды. Алайда жергілікті шенеуніктер ауыр сөздер айтып шығарып салды. Сот әділетсіз шешім шығарды деп есептеймін. Жалған куәгер тартылды. Ол куәгер тіпті сотқа қатысқан жоқ. Оның сөзін судья оқып берді. Менің сөзімді құлаққа ілмеді", – деп күйінді белсенді.
Айта кетейік, осыған дейін әлеуметтік желіде Жаңақорған ауданының тұрғыны Қызылорда облысының әкімі келеді деп жолды жауып тастағанын айтып, видео жариялаған болатын.
"Сіз осында келе жатырмын деп жолды жаптырдыңыз ба? Бізді жолдан түсіріп кетті. Жолды жаптыратын ханның қызысыз ба? Неге келе жатқанда осылай жасайсыздар? Халықты қорлайсыздар, халықпен бірге емессіздер", - деді облыс тұрғыны.
Кадрдан өңір басшысының жолды жаптырмағанын айтқанын анық естуге болады.
Осы видеоға қатысты кейінірек Гүлшара Әбдіхалықова түсініктеме беруді ұмытпады.
"Бүгін Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы медициналық мекемелерді аралап, дәрі-дәрмекпен, оттегімен қамтамасыз ету мәселелерін қарап жатырмын. Осындай іс-сапар кезінде Жаңақорған ауданы инфекциялық ауруханасының қасында Сандуғаш Тұрлыбекова деген әйел маған келіп, жолдың жабылғанын айтты", - деді облыс әкімі.
Сонымен қатар Әбдіхалықова осы істің мән-жайын анықтауды облыстық полиция департаменті басшысына тапсырғанын айтты.
"Мен жолды жабу туралы тапсырма берген жоқпын, аудан әкімі де ешқандай тапсырма бермеді. Сол жердегі ішкі істер бөлімінің басшысы да ондай тапсырма берілмегенін айтып отыр. Бұл учаскелік полицияның шешімі болса, оның іс-әрекетіне қатысты облыстық департамент басшысы Сұлтан Бектөреге тапсырма бердім", - деді өңір басшысы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1869123-kimge-hanny-kyzysyz-ba-dep-zelini-sulatkan-jel-sotka-tartyldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.