Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қытайдан келген қазақ: Балаларым “әкеміз қашан келеді?” деумен жүр

Жарияланған күні:

әйел
Фото: kstnews.kz

Қытайдан Қазақстанға көшіп келген Жазира Әкімбайқызы қазіргі ауыр жағдайы туралы айтып берді. Үш баланың анасы күйеуінің аспан асты елінде қалып қойғанын, Қазақстанға келмегеніне бес болғанын жеткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы minber.kz сайтына сілтеме жасап.

Ол қазіргі кезде Талғар ауданы, Өзтемір ауылында тұратынын, отбасымен 2011 жылы Қытайдан Қазақстанға көшіп келгенін жеткізді.

Оның айтуынша, күйеуі аспан асты елінде жұмыс істейді екен. Әйел жары Қазақстанға 2015 жылға дейін келіп тұрғанын айтады.

"Сол жылдары бәрі жақсы еді, күйеуім келіп, қайта жұмысына кетіп қалатын. Соңғы рет 2015 жылы, қаңтар айында келді. Одан кейін келе алмады. Өйткені ол жылдары Қытайдың саясаты күрделеніп, ауыр боп кетті. Қазір күйеуім Қытайда, ал мен Қазақстанда үш баламмен тұрып жатырмын. Қытайға соңғы рет 2017 жылы бардым. Жолдасымның келмегеніне 5 жыл болды", - дейді Жазира.

Ол үлкен баласы 14-те, кенжесі 6-да екенін атап өтті.

"Балаларым кішкентай болса да жұмысқа шығып жүрмін. Жұмыс істемесем тағы болмайды. Балаларға азық-түлік, киім-кешек қажет. Ауырып қалған кезімізде қатты қысылдық. Қаражат жағынан проблема туындаған соң, жұмыс істеуіме тура келді. Балаларымды Аллаға аманат деп үйге қалдырып кетсем де, күні бойы ойлап шығамын", - дейді үш баланың анасы.

Әйел карантин кезінде 2-3 рет ауырып қалғанын жасырған жоқ.

"Маған қарайтын ешкім жоқ, балаларым кішкентай, олар ауырғанда бір өзім емдедім. Ауырғанымда тұрып 1 кесе ыстық су ішудің өзі қиын болды. Жалғыз өзің болған дәл осындай қиын-қыстау кезде жаныңа батады. Одан бөлек, басымда несием бар. Айлығымның жартысын несиеме құямын, қалғаны пәтерге, азық-түлікке жұмсалады. Бір Алланың көмегімен ғана келе жатырмыз", - деді Жазира.

Алматы облысының тұрғыны карантиннен бұрын да, карантин кезінде де әлеуметтік көмек алмағанын алға тартты.

"Жергілікті әкімшілікке бардым, шарт толық орындалмаған, қабылданбайды деді. Қазір мектеп әлеуметтік көмек беріп жатыр деп естідім. Мектеп формасы, ноутбукпен қамтамасыз етеді деді. Алайда қолыма тимеді. Жағдайымды түсіндіріп едім, түсінбеді. Тағы да құжат, шарт толмаған, толық емес деді.

Қиналамын, бірақ сыртқа көрсетпеуге тырысамын. Жылаймын, бірақ балаларыма білдіртпеймін. Мен де еркелеп өскен қыз едім", - дейді ол.

Үш баланың анасы балалары әкесі қашан келеді деп көп сұрайтынын айтты.

"Ұрысып-қырылыспай отбасымызбен екіге бөлінеміз деп ойламадық. Балаларым “әкеміз қашан келеді?” деумен жүр. Тірі әкесін көре алмаған қандай ауыр екенін білесіз бе? Қанша жерден бой алдырмаймын, берілмеймін десем де болмайды, жегідей жеп жібереді екен", - деді әйел.

Жазира өзі тұратын ауылда интернет жоқ екеніне күйінді.

"Біздің ауылда WiFi жоқ, интернет жоқ. WiFi орнатса да дұрыс ұстамайды. Үш балама 1 телефон, ноутбук мүлдем жоқ. Жаңа оқу жылы басталғалы жатыр, мен жұмыстамын, балаларым қалай сабақ оқиды? Үлкенім биыл 8 сыныпқа барады. Оның да сабағы қиын. Ол екінші балаға, кенжеме пәндерін оқытады. Бір ғана интернетсіз телефонымызды қайда жеткізерімізді білмей басымыз қатты", - деді Қытайдан келген қандас.

Еске сала кетсек, осыған дейін Алматы облысы Іле ауданына қарасты Көкқайнар ауылының бір топ тұрғыны елді мекендегі интернет пен ұялы байланыс желісінің нашарлығы және жол сапасының тым төмендегін айтып, шағымданған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1869358-kytajdan-kelgen-kazak-balalarym-kemiz-kasan-keledi-deumen-zr/