Отандық білікті дәрігер коронавирустың алдын алудың 4 жолын атады
Жарияланған күні:
Жеке медициналық орталықтың директоры, жоғары санатты дәрігер Рашхан Сыдайқызы коронавирустың алдын алатын негізгі жолдарды атап көрсетті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Түркістан газетіне сілтеме жасап.
"Коронавирустан сақтанып, алдын алудың 4 негізгі жолы бар. Оның біріншісі – топтық ортаға бармау, таза ауамен тыныстау, үйдің ауасын алмастыру, яғни оңашалану, оқшаулану. Екіншіден бетперде тағу арқылы вирустың тыныс жолы арқылы жұғуынан сақтану және оны жиі ауыстырып тұру. Үшінші – үнемі қол жуу, ал төртіншісі ұйқы тыныштығын сақтау", - деді дәрігер.
Рашхан Сыдайқызы вирус жер бетінен жойылып кеткенше сақтану шаралары туралы айтыла берілетінін жасырған жоқ. Өйткені індеттің қашан және қалай кететінін ешкім білмейді.
"Бұл жағдайда сақтанғаннан басқа амалымыз жоқ. Түшкіру, әлсіздік, бас ауыруы, дене қызуының көтерілуі, тамақтың жыбырлауы, кеуде қуысының ауыруы, жүрек қағысының, тыныс алудың жиілеуі – аурудың басты белгілері. Вирус жұқтырған адамдарға айтарым, сабырлы болып, көңіл күйді орнықты ұстауы керек. Өйткені адамдар «өліп қалатын болдым» деп ішкі көңіл-күймен арпалысқан сайын қан қысымы бар адамның қысымы одан ары көтеріліп, қосымша аурулары болса, олар қозып кетуі мүмкін. Сол себепті сабырлық танытып, уайымға салынбау керек. Әр ауруды емдеу тәсілі болатыны секілді, коронавирусты да иммунитетті көтеру арқылы емдеуге болады", - деді медицина қызметкері.
Ол коронавируспен ауырмағандар осы сақтық шараларын жасап, спортпен айналысуы керек, деп отыр. Маманның сөзінше, қимыл-қозғалыс өте маңызды, таңертең және кешке таза ауада көбірек жүрген дұрыс.
Жаз айларында дәруменге толы көкөністерді, жеміс-жидектерді жеп, қымыз, шұбат, айран, сүт, сорпа ішу керек. Бірақ қан қысымы көтеріліп тұрған адам қымыз ішсе, қан айналымы жылдамдап, қан қысымын көтеріп жібереді. Ал қаны қою кісілер өте майлы сорпа ішпеуі керек.
- Сонымен қатар күніне 2-3 литр таза жылы су ішкен жөн. Жас балалар мен жасы 60-тан асқан кісілерге судың бұл мөлшері көп болады, сол себепті адам жасы мен салмағына қарай таңертең аш қарынға жылы су ішуден бастағаны дұрыс.
Дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану және жеке тазалықты қолға алу арқылы бұл вирусты жұқтырмай аман-есен өтуге болады", - деді Рашхан Сыдайқызы.
Еске сала кетсек, осыған дейін мемлекеттік комиссия 2020 жылғы 17 тамыздан бастап карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын бекіткен болатын.
Алайда, бірқатар нысандардың жұмысына әлі де тыйым салынады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1869500-otandyk-bilikti-driger-koronavirusty-aldyn-aludy-4-zolyn-atady/