"Орны толмас қаза": Дариға Назарбаева ұлы Айсұлтанның өліміне қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, экс-сенат спикері Дариға Назарбаева ұлы Айсұлтанның өмірден өтуіне қатысты пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
Жазба Нұрсұлтан Назарбаев қорының Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарық көрді.
"Біздің отбасымыз сүйікті Айсұлтанымыздың дүниеден озғанына байланысты сарыла қайғыруда. Осы қаралы кезеңде халайық бұл орны толмас қазаға қатысты түсіністігі мен әдептілігін танытады деп сенеміз", - делінген жазбада.
Еске сала кетсек, өткен түнде Ұлыбритания астанасында 30 жасқа қараған шағында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені - Айсұлтан Назарбаев қайтыс болды. Алдын ала болжамға сәйкес, оның жүрегі тоқтап қалған.
1990 жылы 26 тамызда дүниеге келген Айсұлтан Назарбаев – Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің екінші ұлы. Оны бұқаралық ақпарат құралдары көбінесе "Елбасының сүйікті жиені" деп атайды.
Ол 2010 жылы Сандхерст қаласында британияның корольдік әскери академиясын тамамдады. Кейін "бизнес әкімшілендіру" мамандығы бойынша Алматыдағы КИМЭП университетінің магистратурасын да оқыды.
Айсұлтан 2012-2013 жылдары Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасында қызмет атқарды.
Содан кейін 2017 жылдың ақпан-қазан айларында Қазақстан футбол федерациясы президентінің орынбасары болды. Елбасының жиені онда ФИФА, УЕФА және ұлттық қауымдастықтармен халықаралық байланыс орнатуға жауап берді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1869719-orny-tolmas-kaza-dariga-nazarbaeva-ly-ajsltanny-limine-katysty-pikir-bildirdi/