Швейцариядағы қазақ дәрігері: Бұл індетті тоқтату үшін қарапайым үш шартты орындау керек
Жарияланған күні:
Халықаралық деңгейдегі білікті маман, "Еуропа қазақ дәрігерлері қауымдастығының" жетекшісі, Швейцарияның Берн қаласындағы институттың ұстазы қандасымыз Серік Тұрсын қазақстандықтарға коронавирусты тоқтатудың жолдарын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Оның сөзінше, Қазақстанда бұл індетті тоқтату үшін қарапайым үш шартты орындау керек.
- Біріншіден, маска тағып жүру.
- Екіншіден, халық 1,5-2 метр арақашықтықты сақтауы қажет.
- Үшінші әр адам гигиенаны сақтауы керек, қолды дезинфекциялап, сабынмен жиі жууы тиіс.
Серік Тұрсын бүкіл халық осы үш шартты берік сақтайтын болса, індетті жеңуге болады, дейді.
Одан бөлек, қандасымыз індет жағдайында мемлекеттік ауруханалар ғана қарқынды жұмыс істеп, кейбір жекеменшік ауруханалар жабық тұрғанын ашық айтты.
"Ал мемлекеттік немесе жекеменшік ауруханада болсын барлығында отандық медициналық жоғары және орта білімді оқу ордаларын бітірген мамандар жұмыс істейді. Барлығының қолында дипломы бар және істейтін жұмыстары да бірдей. Барлық денсаулық сақтау ұйымдары бірлесе отырып жұмыс істегені дұрыс дер едім. Сонда ғана дәрігер мен ауруханадағы орын тапшылығын шешуге болар еді", - дейді білікті дәрігер.
Серік Тұрсынның айтуынша, коронавирустың екінші толқыны таралады деген ақпарат дүниежүзі бойынша талқыланып жатыр.
"Келеді деген ой барлығында бар. Өйткені аурудың таралуын болдырмау үшін карантин режимі енгізілуі қажет. Қазір әр салада барлық жерде жұмыс тоқтап тұр. Адамдар үйден жұмыс істеп жатыр. Адамдар арасындағы қарым-қатынас азайып, індеттің таралуы азайды. Егер адамдар арасындағы қарым-қатынас жиілейтін болса, ауру жылдам тарайтын болады. Халықтан 80 пайызынан симптомсыз ауру белгілері байқалады деген ақпарат бар", - деді ол.
Дәрігер жұқпалы аурудың екінші толқыны қазіргідей деңгейде таралады дегенге сенбейтінін атап өтті.
"Өткен екі айда Қазақстандағы жағдай өте қиын болды. Ендігі бар мәселе Қазақстанның статистикасында болып отыр. Жаңа тағайындалған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мырза бірінші тамыздан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы берген код арқылы науқастарды тіркейтінін және осыған орай жаңа статистика жарияланатынын мәлім етті. Статистиканы нақты білмесек қана аурудың екінші толқынынан қорқу керек.
Шыққан қорытынды арқылы екінші толқынның болатын немесе болмайтынын шамалап болжауға болады. Сол себепті аурудың екінші толқыны Қазақстанға қатты әсер етеді деп ойламаймын", - дейді маман.
Серік Тұрсын індет жағдайында халық арақашықтық сақтауды, маска тағуды, қолды жуып, дезинфекция жасауды үйренгенін айта кетті. Маман дегенмен адамдар жаппай жиналатын шараларды әзірге өткізбеу керек деген ойда.
"Мемлекет шекарасы жабық болуы және жиын-тойлар өткізілмеуі қажет. Мешіттер мен шіркеулерде діни рәсімдер өткізуге адамдар жиналмауы керек. Карантин режиміне сай барлық талаптар мен шектеулер азаматтардың құқығын бұзбай орындалса, адам өз қателігін түсінеді. Барлық бұқаралық ақпарат құралдарында карантин талаптары сақталуы жайында түсіндіру жұмыстары жүргізілгені дұрыс деп ойлаймын", - деді "Еуропа қазақ дәрігерлері қауымдастығының" жетекшісі.
Еске сала кетсек, бұған дейін жоғары санатты дәрігер Рашхан Сыдайқызы коронавирустың алдын алатын негізгі жолдарды атап көрсеткен болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1869728-svejcariadagy-kazak-drigeri-bl-indetti-toktatu-sin-karapajym-s-sartty-oryndau-kerek/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.