Қазақ баласы Apple компаниясында жұмыс істегісі келетін отандастарына кеңесін айтты
Жарияланған күні:
Стэнфорд университеттің магистрі Темірлан Сейдахметов Кремний алқабына қарасты Купертино қаласындағы Apple компаниясының бас штаб-кеңсесінде жұмыс істейді. Apple Books жобасына жауапты командада аналитикалық мәліметтерді талдау бойынша қызмет ететін ол қазіргі жұмысы туралы айтып берді деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Түркістан газетіне сілтеме жасап.
Темірлан Сейдахметов Тараз қаласының тумасы. Ол Назарбаев университетінің алғашқы түлектерінің бірі екенін жеткізді. Отандасымыз елордадағы жоғарғы оқу орнын тәмәмдаған соң Стэнфорд университеттің магистратурасына түскен.
Темірлан Қазақстанда көптеген жастар білім ордасын диплом үшін оқитынын жасырған жоқ.
"Бізде көп студенттер төрт жыл бойы оқығанын бұйым көрмей, көп жағдайда басқа мамандықтың жетегінде кетіп қалады. Оқыған білімінің пайдасын көрмейді. Таныстарымның арасында "Әйтеуір оқуды бітірсем болды. Дипломды қайтсе де алу керек, әйтпесе ұят" деп жүргендер көп болды, әйтсе де диплом алудың жұмысқа тұруға түк ықпалы жоқ секілді көрінеді", - дейді ол.
Тараз қаласының тумасы Стэнфорд университетінің магистрі атанған соң бірнеше қызметте бағын сынап көргенін, сөйтіп, жүргенде Apple және Google компанияларынан шақыру келгенін айтады.
"Бұның арасынан ұсынған позиция, бірге істейтін команда әрі істелініп жатқан жоба жағынан Apple компаниясын тиімді деп таптым. Бүгінде Apple-дің осындағы, яғни Кремний алқабына қарасты Купертино қаласындағы бас кеңсесінде жұмыс істеп жатқаныма екі жылдың жүзі болды", - дейді отандасымыз.
Темірлан әйгілі компанияда атқаратын қызметі жайлы да айтып берді.
"Мұнда аналитика жасауға жауапты команда қатарындамын. Apple-дің Iphone, Macbook, Іpad секілді құрылғыларына орнатылатын түрлі қосымшаларымен жұмыс істеймін. Дәл қазіргі таңда Apple Books жобасындамын. Біздің команда Apple Books жүйесінде оқырманды кітап оқуға қызықтыру үшін дизайн, инженерия жағынан қолайлы жағдай жасауға жауапты. Жалпы, оқу процесін немесе аудио кітап тыңдауды жақсартуға атсалысу өте қызықты іс. Айналысып жүрген ісім адамзатқа пайдалы іс болғандықтан, өзіме қатты ұнайды. Кітап оқығаннан зиян көрген адамды кездестірген емеспін", - дейді Назарбаев университеніні түлегі.
Ол Қазақстанда ІТ саласында алдына жан салмай дамып келе жатқан мемлекеттердің қатарына кіруге тырысу керек екенін атап өтті.
Темірлан алдағы уақытта елімізге пайдасы тиер жоба жасағым келеді, дейді.
"Негізі, бастапқыда сыртта бірнеше жыл жұмыс істеп, елге ораламын деп ойлағанмын. Десек те, елге келіп елең етерлік жаңалық ашу үшін тәжірибе жинау керек екенін ұқтым, оның үстіне дәл қазір бір үлкен жоба ашуға дайын емеспін. Оның үстіне, Қазақстанда ІТ жобаны өрістетудің проблемасы көп, әрі қиынға түсетіні анық. Оған қоса, он сегіз миллион халықтың ішінде қазақ тіліндегі қосымшаларды қолданатыны тіпті аз, сол себепті қазақ тіліндегі стартап жобаны әзірлеу тиімді болмай тұрғаны рас", - дейді ол.
Темірлан АҚШ-та жүріп Әсел атты болашақ жарымен танысқанын да атап өтті.
"Әйелімнің мамандығы – дизайнер. Степногорск қаласының тумасы. Алдымен сол қалада көркемөнер мектебінде оқып, кейіннен Сан-Францискодағы өнер академиясында білім алған. Танысқаннан кейін екі жылдан соң, Таразда тойымызды өткізіп, осында қайта оралдық. Қазіргі таңда архитектура бойынша әлемдегі ірі компаниялардың бірі саналатын Gensler компаниясында интерьер дизайнер болып жұмыс істейді", - дейді ол.
Сөз соңында Темірлан Apple компаниясында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтағысы келетін оқушыларға, студенттерге өз кеңесін берді.
"Apple компаниясына жұмысқа келерде де көп іздендім. Мәселен, Малкольм Гладуэлл "Генийлер және аутсайдерлер" кітабында әлемдік деңгейдегі маман атану үшін 10 000 сағат жұмыс істеу керек, ал егер орташа деңгейдегі маман болғыңыз келсе, 2 000 сағат жұмыс істеу қажет екенін алға тартады. Сол секілді егер оқушы немесе студент 2 000 сағат өз білімін арттыруға арнаса, алдағы уақытта кез келген ірі компанияға жұмысқа тұратын әлеует қалыптастырады. Осылайша, күніне өзінің осал тұсын жақсартып, ал мықты жағын одан сайын ұштай түссін деймін.
Тағы бір айта кетерлігі, мен бастапқыда, математика мен физика, сосын химиялық инженерияны оқыдым, ақырында ІТ саласына келдім. Алдыңғы екеуін жұмыста қолданбаймын, десек те техникалық база бар. Сол себепті бірінші мамандығыңды дұрыс игере алмай қалсаң, бұдан қорқатын ештеңе жоқ. Тек дер кезінде өзіңе қажетті бағытты таңдай біліп, бар біліміңді мұнымен байланыстырып, өз жолыңды тауып алсаң болғаны, қалғаны өз ретімен болады. Болашағын жарқын еткісі келетін жас маман алдымен дүкен ашудан да ауқымды, үлкен жоспарлар құрса деймін", - деп сөзін қорытындылады Apple компаниясының маманы.
Еске сала кетсек, бұған дейін коронавирус Apple компаниясының табысына қалай әсер еткенін жазған едік.
Сонымен қатар белгілі композитор Марат Омаровты Дональд Трамптың өзі АҚШ-қа шақырғанын хабарлаған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1870544-kazak-balasy-apple-kompaniasynda-zmys-istegisi-keletin-otandastaryna-keesin-ajtty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.