Түркістан облысында 16 жасар қыз отыздан асқан жігітке тұрмысқа шықты
Жарияланған күні:
Түркістан облысында 16 жастағы кәмелетке толмаған қыз жасы отыздан асқан жігітке тұрмысқа шықты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
Түркістан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, некелесу 24 тамыз күні болған. Бұл туралы алдымен журналист Гүлмира Әбіқай Facebook-тегі парақшасында жазды.
"Тағы бір қызды 15 жасында алып қашты. Болар іс болды, бәрі келісіммен дейді келін түсірген жақ. Алайда, оқиғаның бәрін көріп отырған көршісі шыдамады, маған былай деп жазыпты.
"Қыздың әкесі жоқ, жалғыз анасы басқа күйеуге тиген. Қорғаны жоқтығын пайдаланып жас қызды мүгедек арбаға таңылған 33-тегі жігітке әкеп берді. Енесі кір-қоңын жуғанға жақсы болды деп мәз. Әпшесі органда жұмыс істейді.
Біздің жақта кәмелет жасқа толмаған қыздар саудасы жүріп тұр. Қыз тапсаң ат мінгіземін деген досына ат мінгізіп, бүгін беташар өтті. Гүлмира ханым, өзімнің де жеткіншек 3 қызым өсіп келеді, ана жас қызға қарап ішімнің ашығаны-ай. Шыдамай сізге жаздым",– дейді Сәуле.
Фотодағы 12-де бір гүлі ашылмаған балауса қызды көріп менің де ішім ашыды. Заң бойынша кәмелет жасқа толмаған қызбен жыныстық жақындасу (тіпті, келісім болса да) жауапқа тартылады. Ал, оны алып қашу тіптен сорақылық?! Сонда қалай Түркістан облысы, Ордабасы ауданында полиция жоқ па? Осының бәрін көріп-біліп отырған ауыл үлкендерінен бір адам селт етпегені ме? Бәрі қыз өсіріп, қарындас ұзатып отырған қазақы ауыл емес пе?",– деп жазыпты Гүлмира Әбіқай.
Желі қолданушылары кәмелетке толмаған қыз баланың құқығы тапталды деп кейбірі наразылық білдірген.
16 жасында босаға аттаған кәмелетке толмаған жас келін өз еркімен тұрмыс құрғанын, жеке өміріне араласқанды қаламайтынын айтып видео жолдаған. Жасы отыздан асқан жігітті бұрыннан білетінін, өз қалауымен ер адамның етегінен ұстағанын айтқан.
Бәйдібек ауданының қызын жар еткен ордабасылық күйеу жігіт Гүлмира Әбіқай жазбасында екі арбаға таңылған делінген. Полицейлердің мәлімдеуінше, жігіттің дені сау. Мүмкіндігі шектеулі емес.
"Орын алған оқиға Ордабасы АПБ-мен ҚК-нің 122-бабы 1 бөлігімен тіркеліп, СДТТБТ-не енгізілді. Қазіргі таңда осы іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Ата-аналары полиция бөліміне арызданбады",– деп мәлімдеді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, отандық шоу-бизнес өкілдері карантин режимі жеңілдегеннен кейін бірден өз жұмысына кірісіп кетті.
Айта кету керек, әлеуметтік желіде ресейлік балуан Заурбек Сидаковтың қалыңдығын тойдан қуған сәті қызу талқыға түсуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1871060-trkistan-oblysynda-16-zasar-kyz-otyzdan-askan-zigitke-trmyska-sykty/