Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бірінші рет көріп тұрмын": Ауыл шаруашылығы министрі Ақтөбенің жылқысына тамсанды

Опубликовано:

Сапархан Омаров1
Фото: NUR.KZ

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Ақтөбеге жұмыс сапарымен барды. Шенеунік екі күн қатарынан егістік алқабы мен мал шаруашылығын аралап, асыл тұқымды жылқыларға таңдай қаққан деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Ақтөбеге келген министрді өңір басшысы Оңдасын Оразалин нағыз қазақы жылқы өсіріп отырған "Мұғалжар жылқысы" ЖШС-не ертіп апарған. Ақтөбе популяциясының "Мұғалжар" және "Көшім" асыл тұқымды жылқыларын көрген Сапархан Омаров таңданысын жасырмаған.

"Мен мынадай жылқыны бірінші рет көріп тұрмын. Жал-құйрығы төгіліп тұр. Тамаша. Әдемі. Біркелкі. Нағыз қазақы жылқы. Салмығы 500 келіден асады екен. Сүтті әрі етті жылқы. Жылқы бағу - қазақтың ата кәсібі. Бұл бағытты қолдайтын боламыз", - деді министр.

Мамандар асыл тұқымды жылқыларға Қытай мен Жапония едерінен сұраныс жоғары екенін жеткізді. Экономикалық жағынан өте тиімді жылқы тұқымын көбейту үшін 4-5 жылға арналған мемлекеттік бағдарлама қажет.

жылқы
Фото: NUR.KZ

"Республика көлемінде 3 миллиондай жылқы бар. Оның 7 пайызы асылдандырылған. Жылда 900 мың жылқыны соғымға жеп қоямыз. Экспортқа Жапония, Қытай елдерінен сұраныс жоғары. 10 миллион жылқысы бар Қытай бізден етке сұраныс береді. Егер оларға жылқы етін беретін болсақ, қазақ жылқысыз қалады. Жылқы санын үштен бес есеге көбейткен жағдайда экспортқа сата аламыз.

Шетелде мұндай жылқы еті дәріханада сатылады. Сол дәрежеге жетуіміз керек. Бұл таусылып қалатын мұнай не газ емес. Бабамыздан қалған ата кәсіп. Жылқы өнімін қалдықсыз жасауға болады. Сүйегі, қаны, терісіне дейін пайдалы. Тек патриоттық сезім керек", - дейді республикалық ет және сүт өнімі бағытындағы жылқы тұқымдары палатасының директоры Еркегүл Тілеген.

Ақтөбеде "Мұғалжар" және "Көшім" асыл тұқымды жылқылары Серікбай Рзабаевтың зерттеу жобаларының негізінде сақталған. Жылына 45-50 бас асыл тұқымды жылқы сатылады.

"Облыс бойынша асыл тұқымды өсіру 17 пайызға жетті. Мұғалжар жылқыларына қызығушылық жоғары. Кез келген ауа райына төзімді. Қысы-жазы қораға кірмейді. Тек Қазақстан бойынша ғана емес, көрші Ресей, Моңғолия, Қытай елдерінен сұраныс бар. Қызығушылық жоғары. Болашақта жылқы кәсібіне қатысты орталық ашу жоспарда бар. Ел бойынша бұл кәсіпті дамытуға дайынбыз. Облыстық бюджеттен қаржландыруды енгіздік", - дейді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Министр Ақтөбе өңірінің ауылшаруашылық әлеуеті жоғары баға беріп, ұсыныстар мен өтініштерге алдағы уақытта қолдау көрсетілетінін айтты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында ата кәсіпті дөңгелетіп отырған жылқышы әйел адам туралы жазған едік.

Сонымен қатар Ақмола облысында "Сыбаға" бағдарламасы арқылы "Герефорд" тұқымды сиыр алып, кейінірек мал басын екі есеге көбейткен шаруа жайлы хабарлаған болатынбыз.

Алайда ер адам қазір жайылымдық жерлердің болмауына байланысты малдарын қалай азықтандыру керегін білмей жүргенін айтқан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1871783-birinsi-ret-krip-trmyn-auyl-saruasylygy-ministri-aktbeni-zylkysyna-tamsandy/

pixel