Ұлы Абайдың "Қара сөздері" кітабы балалар суреттерімен безендіріліп, қайта басылып шықты
Жарияланған күні:
Қазақстанда алғаш рет Абай Құнанбаевтың "Қара сөздері" кітабы балалар суреттерімен безендіріліп қайта басылып шықты. Орыс және қазақ тілдеріндегі ұлы ғұлама өсиеті еліміздің мектептерінде, кітапханаларында, сондай-ақ көршілес Ресейдегі 200 қазақ мектептерінде тегін таратылатын болады. Бұл бастама туралы жобаның ұйымдастырушылары, BAURZHAN қорының үйлестірушісі Саида Ибрагимова айтып берді.
Саида, "BAURZHAN" қорының қызметі әлеуметтік жобалар мен қайырымдылық шараларын дамытуға бағытталған, мысалы, "Арманыңа жақында" жетім балалар арасындағы футбол чемпионаты, KITAPFEST кітап фестивалі, "Алтын жүрек" қайырымдылық аясындағы сыйлығы. Қазіргі кезде қор қандай жаңа жобаларды жүзеге асыруда?
- Жоғарыда аталған барлық жобалар бірнеше жыл қатарынан жүргізіліп келеді және олар туралы Қазақстаннан тыс жерлерде де біледі. Біздің Қор сонымен қатар өскелең ұрпақ арасында білім, спорт салаларын дәріптеп қолдауға бағытталған жобаларды дамытуда.
Биылғы жылы біздің ел ғана емес, әлемдік әдеби қауымдастық ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын атап өтіп жатқан кезде біз бұл шараға балалардың қатысуы өте маңызды деп шештік, өйткені Абай өз шығармаларының басым көпшілігі болашақ ұрпаққа арналған. Сондықтан оның "Қара сөздерін" балалар суреттерінің иллюстрацияларымен қайта басу - қазіргі жастардың ақын жолдауын қаншалықты түсінетіндігінің мысалы.
Біздің идеямызды "SamrukKazynaTrust" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, сондай-ақ біздің әріптестеріміз "Дети рисуют мир" қоры қолдады, олар бізге балалар суреттерінің байқауын ұйымдастырып өткізуге ат салысты. Осы байқаудың қорытындысы бойынша біз жүзге жуық суретті таңдап алып, ол суреттер "Қара сөздер" кітабын қайта басып шығаруға керемет қосымша болды.
"Қара сөздер" кітабының қайта басылған таралымы қанша?
- Біз 5000 дана кітап басып шығардық. Кітаптың қайта басылуы екі тілде - орыс және қазақ тілдерінде ұсынылғанын атап өткім келеді. Егер аталмыш кітапты оқып жатқан бала тіл үйреніп жатса, бұл оған үлкен көмекші болмақ.
Яғни бұл коммерциялық жоба емес, кітаптар тегін таратылады ғой? Кітаптар қайда қол жетімді болады?
- Бастапқыда сауда және кітап сату туралы әңгіме болған жоқ. Біз қорымыз атынан иллюстрацияланған кітапты қайта асып шығарып таратуда көмек көрсетуді өтініп, Білім министрлігіне жүгіндік, өйткені біз Қазақстанда жалпы білім беретін мектептер көп екенін және әр мектепке 5000 дана кітап аз болатынын түсіндік. Қазір біз бұл мәселе бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз, бірақ мен сенімді түрде айта аламын, Қазақстанның әр аймағында бұл кітап еркін қол жетімді болады.
Ең алдымен, бұл мектептер кітапханалары, балалар үйлері, интернаттар, олардың кейбірінде Абай Құнанбаевқа арналған арнайы "бұрыштар" да бар. Сондай-ақ, бұл кітап еліміздің кітапханаларында қол жетімді болады. Қазіргі уақытта біздің тізімге республикалық-облыстық маңызы бар 25-ке жуық кітапхана кіреді, онда біз басылымның екі данасын жібереміз. Әрине, осынша кітапты Алматыдағы Орталық кітапхана жүйесінің кітапханалары да алады. Ал қалған кітаптарды Абай шығармашылығын суреттейтін сурет салу байқауының жеңімпаздарына ұсынамыз.
Саида, қайырымдылық мәселелеріне қайта оралсақ. Жобаларды жүзеге асыру кезінде қорлар қандай қиындықтарға тап болады?
- Егер қиындықтар туралы айтатын болсақ, онда бұл ең алдымен ақпараттық қолдау мәселесі. Қор жобалары демеушілердің қаражаты есебінен жүзеге асқандықтан ақпараттандыру үшін арнайы бюджет көзделмеген. Біз үшін, қызметі халыққа бағытталған ҮЕҰ (үкіметтік емес ұйым) ретінде, ақпаратты халыққа жеткізу өте маңызды.
Ал бұқаралық ақпарат құралдарының ақпараттық қолдаудан бас тартулары - мұны жарнама, PR ретінде көреді, бірақ біз өз жобаларымыздан ешқандай коммерциялық пайда көрмейміз. Бізде әлеуметтік және білім саласына қатысты жобалар жиі болатындықтан, ақпараттық қолдаудың болмауы жұмысты сәл қиындатады. Бұл қиындықтармен біз ғана емес, басқа да қорлар бетпе-бет келеді.
Пандемия жағдайы сіздің Қордың қызметіне қалай әсер етті?
- Жоспарланған жобалардың 80 пайызын 2020 жылы тоқтатқандығымыздан бастайық. Олардың арасында келесі жылға қалдырылған Алматыда және Нұр-Сұлтанда өткізілетін сүйікті Kitapfest кітап фестивалі мен Қазақстандағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған "Арманыңа жақында" футбол чемпионаты бар. Бұл жобалардың барлығы мәдени тұрғыдан танымал, ал қазіргі жағдайда оларды жүзеге асыру мүмкін емес.
Әрине, жұмыстың бір бөлігін, мысалы, "Қара сөздер" жобасындағыдай өзгертуге тура келді. Бастапқыда біз Абай кітабының тұсаукесерін Алматыда, Нұр-сұлтан мен Мәскеуде РФ-дағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Алайда, жоспарымыз іске аспады сондықтан, суреттермен безендірілген кітаптың тұсаукесері мен суреттер байқауының жеңімпаздарын бейнеролик арқылы таныстыруды жөн деп шештік. Осы ретте бізге танымал публицист Дана Орманбаева ханым өз қолдауын көрсетті.
Қордағы әлеуметтік жобаларды дамытудың 2021 жылға арналған жоспарлары қандай?
COVID-19 жағдайына байланысты, тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде келесі жылы кейбір жобаларды іске асыру мәселесі туындап отыр. Мәселен, қайырымдылықпен айналысатын адамдарды марапаттайтын "Алтын Жүрек" ұлттық сыйлығын өткізу жоспарда бар. Менің ойымша, қазір бұл әсіресе өзекті, өйткені біз адамдар арасында өзара қол ұшын беруге деген құлшынысты байқаймыз. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, кейбір жобаларды бірінші кезекте қаржылық тұрғыдан демеу болатын компанияларсыз жүзеге асыру мүмкін емес.
Қалай болғанда да, біз келесі жылға жұмыс жоспарын құрамыз, жоба тұжырымдамасын, жұмыс кестесі мен серіктестерге хаттар дайындаймыз. Себебі көпшілік Kitapfest кітап фестивалін, балалардың қатысуымен өтетін спорттық шаралар мен экологиялық жобаларды барынша күтеді. Кез-келген жағдайда, егер бұл мүмкін болмаса, біз жобаларымыздың онлайн форматта өткізілуі туралы ойланатын боламыз.
-Сұхбатыңызға рахмет!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1872008-ly-abajdy-kara-szderi-kitaby-balalar-suretterimen-bezendirilip-kajta-basylyp-sykty/