Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Таңғы 5-те тұрамын": 17 жылдан бері кран айдап келе жатқан әйел жайлы не білеміз

Опубликовано:

Краншы
Фото: Жеке мұрағат/ Sputnik Қазақстан

10-ға жуық шәкірт тәрбиелеген Мадина Бекетаева денсаулығы жараса зейнет жасына дейін кран айдауға дайын. 39 жастағы Жезқазған қаласының тұрғыны 17 жылдан бері көпірлі кран айдайтын машинист болып жұмыс істейді. 22 жасынан бастап үлкен техниканың рөліне отырған Мадина жұмысының қыр-сырын айтып берді деп жазады KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында дүниеге келген Мадина оқуға түсерде нағашы ағасының ақылын тыңдап, осы саланы таңдаған. Алайда 1998 жылы оқуды аяқтаған соң мамандығы бойынша жұмыс табылмай, бес жыл бойы дүкенде сатушы болып жұмыс істеген. 2003 жылы еңбек жолын Сәтпаев қаласында Батыс Жезқазған кенішіне кран машинисі болып бастайды.

"Көп жағдайда кранды әйелдер жүргізеді. Бірақ біздің жұмысымыз жайлы естігендер әйелге тән емес жұмыс деп санайды. Жұмысым өзіме ұнайды, адам бірнеше жыл жұмыс істеп, сол салаға үйреніп кеткеннен кейін ешқандай қиын тұсы болмайды. Бірақ жұмыс қысы-жазы жүріп тұрады, қыста тоңып қаламыз, жазда биікте жұмыс істеген соң ыстық болады", - дейді краншы.

Айтуынша, ата-анасы бұл жұмысқа орналасуына қарсы болмаған. Денеге күш түспейді әрі өзін қамтамасыз етуге жалақысы да жетерлік. Мадина осы жұмыстың арқасында үй алып, өмір сүруге ыңғайлы жағдай жасаған.

Краншы
Фото: Жеке мұрағат/ Sputnik Қазақстан

2007 жылы Жезқазған байыту фабрикасында кран машинисі болып жұмысқа орналасқан Мадина бастапқыда жұмысқа орташа дәрежедегі маман болып, үш жылдан кейін жоғары деңгейге көтерілген. Кейіннен шәкірт тәрбиелеп, он шақты жас маманға кәсібінің қыр-сырын үйреткен.

"Асырап отырған жұмыс болған соң таңертең бесте тұрып, жұмысқа барамын. Бұл жағынан да қиналмайтын болдым. Себебі бес күн жұмыс істеп, екі күн демалыс беріледі. Мереке күндерінде де демалыс қарастырылған. Әріптестерімнің басым бөлігі – әйелдер, арасында 2-3 ер адам ғана бар. Олардан қалыспай, қыздар да жұмысты табысты атқарады", - дейді ол.

Жұмыс күні машинистің алкогольдік ішімдік ішкен-ішпегенін тексеруден басталады. Сағат жеті жарымда жұмысшыларды жұмыстарға бөледі, әр краншыға бір краннан беріледі.

"Одан кейін шахталардан келген кенді ұсақтаймыз, материалдарды бөлеміз. Бөлінген материалдар мыс балқыту зауытына жіберіледі. Мыс секілді бағалы заттардан химиялық заттар өндіріледі", - деп жұмысын түсіндірді Мадина Бекетаева.

Краншы
Фото: Жеке мұрағат/ Sputnik Қазақстан

Кран машинисі қызметіне 18 жасқа толғандар қабылданады. Мадинаның айтуынша, бой мен салмақтың аса қатты маңызы жоқ, алайда жұмысқа жарамды болуы қатты бақыланады.

"Машинистің денсаулығы мықты болуы керек. Жұмысқа орналасқанда медициналық тексеруден өтеміз. Біздің мамандықта ең керегі – көздің жақсы көруі және құлақтың жақсы естуі. Өйткені, кран - биікте орналасқан техника, сондықтан жан-жаққа мұқият қарап отырмасаң, қауіп төнуі мүмкін. Астында басқа да кісілер жұмыс істейді. Сондай-ақ, қан қысымы бар кісілер де қабылданбайды", - дейді ол.

Мадина денсаулығы жақсы болса, зейнет жасына дейін кран айдаушы болып жұмыс істеуге әзір.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1872473-tagy-5-te-tramyn-17-zyl-bojy-kransy-bolyp-zmys-istegen-jel-zajly-ne-bilemiz/

pixel