"Қазақ екеніме мақтанамын": Шымкентте 16 жылға сотталған әйел ұлттық киімдер тігіп жүр

Опубликовано:

Гүлмира
Фото: Шымкент қалалық ҚАЖД/ NUR.KZ

16 жылға бас бостандығынан айырылған Кисигова Гүлмира ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық киімдер тігіп жүр. Шымкенттік келіншектің айтуынша, ол мұндай тігін шебері болуды бұрын-соңды ойламаған деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Шымкент қаласы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты қауіпсіздігі барынша жоғары, қатаң режимдегі ИЧ 167/4 түзеу мекемесіндегі нәзік жандылар ұлттық өнерді дамытуға өз үлестерін қосуда.

Осындағы 67 әйел арнайы жабдықталған тігін шеберханасында қазақтың құрақ көрпесі мен түрлі нақыштағы ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық киімдер және де қазіргі таңда көп қолданыстағы түрлі бұйымдарды, қыз жасауларын, бесік жабдықтарын өз қолдарымен жасап жатыр.

Қапастағы қас шебердің қолынан шыққан қолөнер бұйымдары көптің назарына ілігіп, сатылымға шығуда.

Гүлмира
Фото: Шымкент қалалық ҚАЖД/ NUR.KZ

Мысалы, осында жазасын өтеуші 16 жылға бас бостандығынан айырылған Кисигова Гүлмираның қолынан шыққан кестелі бұйымдарына қарасаң көз тоймайды. Оның айтуынша, мұндай тігін шебері болуды бұрын-соңды ойлап та көрмеген. Өзіне берілген жазаны өтеу үшін темір торға қамалған соң 10 айлық курсты оқып, қазір соның жемісін көріп жүр.

Ұлттық киімдер
Фото: Шымкент қалалық ҚАЖД/ NUR.KZ
"Бұл жерде уақыт тектен-текке өтпейді. Білім алып, теолог мамандар мен психологтардың да сабағына қатысамыз. Істі болған азаматшалардың басым бөлігі жаман әдеттерінен арылып, "қалған өмірімізді шындықпен, отбасында, ошақ қасында өткізгіміз келеді" дейді.

Мен сотталған азаматша болсам да, жүрегімнің төрінде қазақ екенімді мақтан тұтамын. Осында үйренген ісімнің шарапатын қалыпты өмірге қайта оралған соң көретініме кәміл сенімдімін",- дейді Гүлмира Кисигова.

Тігіншілер
Фото: Шымкент қалалық ҚАЖД/ NUR.KZ

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін түреде қолөнермен айналысатын азамат туралы жазған едік.

Ал бірнеше күн бұрын "Қара бүркіт" колониясы басшысының әпкесі ағасының кінәсіз екенін айтып, қазақстандықтарға мәлімдеме жасаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1872671-kazak-ekenime-maktanamyn-symkentte-16-zylga-sottalgan-jel-lttyk-kiimder-tigip-zr/