Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

52 жылдан бері жүгіруді әдетке айналдырған ақтөбелік қария вирусты қалай жеңгенін айтты

Опубликовано:

Қария
Фото: KAZ.NUR.KZ

70 жасқа қараған Қайсар Бақтығали есімді ақсақал​ Ақтөбе облысы Ойыл ауданының тумасы. 18 жасынан бері таңертең тұрып, жүгіруді әдетке айналдырған қарияның спортпен айналысып жүргеніне 52 жыл. Індет кезінде спорттың арқасында бойдағы вирусты қалай жеңіп шыққанын айтып берді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Қатты ауырдым. Алғашында 3-4 күн тамағым ауырып, қызуым көтерілді. Жай салқын деп ойладым. Бұрын салқын тигізгенде бір терлесем жақсарып кететін едім. Сондай оймен жүгіруді тоқтатпадым. Кейін жөтелім күшейіп, 15 күндей жатып қалдым. Кемпірім емдеді. Ауру әбден әлсіретті.

Екі аптадан кейін бар күшімді жиып, үйдің ішінде жүре бастадым. Басымды көтеріп, орнымнан тұру қиын болды. Күшімді жиып, әлсін-әлсін демалып, жүрісті тоқтатпадым. Үйдің ішін жеті айналып шыққанда төбем көкке жеткендей болатын.

Содан жайлап, есіктің алдына шықтым. Үшінші қабатта тұрамыз. Кіріп-шығу мұң болып кетті. Әр сатыда 5-7 рет тыныс алатын едім. Бірнеше күннен кейін 150 метр жерге дейін​ жүрдім.​ Шаршап, кез келген жерге отырамын. Жайлап болса да қозғалысымды тоқтатпадым. Алла тіршіліктің бәрін қозғалыста жаратқан ғой. Кішкентай молекуланың өзі тоқтаусыз айналыста. Сондықтан адам баласы қозғалысын тоқтатпау керек екен",- дейді Қайсар ақсақал.

70 жасты алқымдаған ақсақал қазір күнде таңертең үш шақырым жүгіреді. Айтуынша, осыған дейін де жүгірудің арқасында жүрек дертінен де құлан таза айыққан.

"50 жасымда жүрек ауруынан ем алдым. Дәрігерлер жүгіруге тыйым салды. Бір дәрігердің айтқанына көңілім көншімей, бірнеше жеке ауруханаларға барып тексерілдім. Жүгіруге рұқсат береді деген сенім болды. Анализімді қарағаннан дәрігердің бәрі жүгіруге тыйым салып, бассейнге түсуге кеңес берді.
Қария
Фото: KAZ.NUR.KZ

Бассейнге бір апта барған соң оған көңілім толмады. Тәуекелге бел буып, қайтадан жүгіруді бастадым. Бұрын күнде 15 шақырымнан артық жүгіретінмін.​ Жүрек ауруынан кейін 500 метрден бастап, жылдамдатып жүруді қолға алдым. Осылай бір ай жүріп, ай сайын жайлап қосып, екі жылда 10 шақырымға жеткіздім.

Өзімді жақсы сезіне бастаған соң қайта дәрігерге қаралдым. Жүрек тап-таза. Дәрігерлердің өзі таң қалды.​ Қан қысымының қалыпқа келуі жас спортшыдай екенін айтты. Денсаулықтан артық ештеңе жоқ. Балаларымның, немерелерімнің барлығы спортпен айналысады. Үлкейгенге қарамай, спортпен айналыса беру керек",- дейді Қайсар Бақтығали есімді ақсақал.

Айта кетейік, Өскеменде бұрынғы еден жуушы әйел аудан әкімі болып тағайындалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1875232-52-zyldan-beri-zgirudi-detke-ajnaldyrgan-aktbelik-karia-virusty-kalaj-zegenin-ajtty/

pixel