Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Нағыз жанашыр": Алматы облысында тұрғындар ауылын ұмытпаған кәсіпкерге алғысын жаудырды

Опубликовано:

Фото
Фото: Бекет Әбішевтің жеке мұрағаты

Алматы облысындағы Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылының тұрғындары өздерінен түлеп ашқан кәсіпкердің қайырымды істерін айтып, арнайы сұхбат берді. Танымал бизнесмен Бекет Әбішев туған ауылын ұмыт қалдырмай, мұндағы жағдайы төмен отбасыларға үй әперіп, балалар мен жасөспірімдердің спортпен алаңсыз шұғылдануына жағдай жасап, әлеуметтік деңгейі төмен жандарды азық-түлікпен қамтуда. Бұл туралы Жетісу арнасындағы "Білек пен жүрек" бағдарламасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Береке ауылында 32 ұлттың өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Аталған ауылдағы бірнеше ұлт пен ұлыс өкілдерінің туған ауылының көркеюіне үлкен үлес қосып отырған Бекет Құдайбергенұлына алғысы шексіз. Әсіресе, ауыл ақсақалдары кәсіпкердің адамгершілігі мен үлкенді сыйлайтын ізетіне риза.

"Мен осы ауылда туып-өстім. Көпұлтты болғанына қарамастан, ешкім ешкімді кемсітіп, шатақ шығарған емес. Соңғы кездері ауылымыз көркейіп келеді. Әрине, проблемалар да жоқ емес. Осындай кезде біздің ауылдан шыққан кәсіпкер жігіттердің көмекке келетіні қуантады. Солардың бірі әрі бірегейі – Бекет. Бекет өзімнің көз алдымда, жотамда өскен бала. Әкесі де құрылыс саласында қызмет етіп, тура жолдан таймаған", - дейді ауыл ақсақалы Анатолий Пухарев.

Бекет Әбішев ауылшаруашылығы саласындағы табысты бизнесмендердің бірі. Бүгінде ол өз есебінен ауылдағы бірнеше отбасыға азық-түлік жағынан көмектесіп, енді біреулеріне баспана мәселесін шешіп берген.

"15 жылдан бері үйсіз-күйсіз, әркімнің табалдырығында жүрдік. Көкөзек ауылында талай рет пәтер алмастырдық. Қожайындар көп жағдайда басқа пәтер жалдаушылар іздейтінін немесе үйлерін сатып жіберетінін айтатын. Сондай қиын сәттердің бірінде бізге Бекет Құдайбергенұлы көмекке келді. Жағдайымызды естіп, ауылдан үй алып берді. Осындай жанашырлығы үшін отбасымның атынан алғыс айтамын. Бүгінде біз жылы жерде, өз шатырымызда тұрып жатырмыз", - дейді алты балалы ана Айгүл Қалетова.

Көпшілік Бекет Әбішевті үлкен спорт жанашыры ретінде таниды. Ол ережесіз жекпе-жектен қазақ жігіттерінің басын қосқан "Алаш прайд" клубын қаржыландырып келген. Одан бөлек, ауыл балаларының еркін күрес, футбол және көкпармен айналысуына жағдай жасап отыр.

"Бекет ағамыз көкпардың үлкен жанкүйері. Көкпар десе делебесі қозбайтын қазақ бар ма? Осы спорт түрінің одан әрі өркен жаюына үлкен үлес қосып келеді. Көкпардан облыс командасын жасақтап, қазіргі жаттығатын балаларға спорттық форма және өзге де қажеттіліктер жөнінен көмегін аяған емес. Сондай-ақ, Бекет Әбішев еркін күреспен шұғылданатын балаларды да назардан тыс қалдырмады. Біздің залда жаттығуға ыңғайлы үлкен кілем жоқ еді. Кілем сұрай барғанымда, еш ойланбастан, сапалы әрі қымбат кілемді алуға ақша берді. Бұл жақсылығын ұмытпаймыз", - дейді жаттықтырушы Темірлан Арашев.

Естеріңізге сала кетсек, жақында Павлодар облысы Шарбақты ауданы Есілбай ауылының белсенді жастары жергілікті зейнеткерге екі бөлмелі үй салып бергенін жазған болатынбыз.

Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Қособа ауылының тұрғындары балаларына арнап мектеп салып берді. Оқу орнының құрылысы үш жылда аяқталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1877244-nagyz-zanasyr-almaty-oblysynda-trgyndar-auylyn-mytpaga-ksipkerge-algysyn-zaudyrdy/

pixel