Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өліп жатсаң да келмейді": Алматы облысында ауыл тұрғындары митингіге шықты

Опубликовано:

төңкеріс
Видеодан алынған кадр: "Астана" телеарнасы

Алматы облысындағы Төңкеріс ауылының тұрғындары он жылдан бері сусыз, газсыз және жолсыз өмір сүріп жатқандарын айтып, жанайқайын жеткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

"Астана" телеарнасының мәлімдеуінше, ауыл тұрғындары стихиялық митингіге шыққан.

Жергілікті тұрғындар су алу үшін таңғы бесте тұрып, он шақырым жердегі бұлаққа баруы тиіс. Ол жерден бүкіл ауыл су алатындықтан, ұзын-сонар кезек пайда болады екен.

Ал жолдың жоқтығы жағдайды одан сайын қиындата түседі. Жақында өткен жиында әкімдік қызметкерлері ауыл тұрғындарына ақша жинап, жолды өз күштерімен жөндеуге кеңес беріпті.

Жергілікті тұрғындар он жылдан бері әкімдікке шағымданып, су, газ және жол салып беруді сұрап келген.

"Не аурухана, не дәріхана жоқ. Тас дәуіріндегідей өмір сүріп жатырмыз. Әйтпесе ауылымызға мегаполис тиіп тұр. Мына жолдарға қараңызшы. Мына көшедегі адамдар оны өз күшімен жамап-жасады. Оған шамасы жетпегендер шаңда жүруге мәжбүр. Мұндай жолдармен бізге жедел жәрдем көлігі өліп жатсаң да келмейді", - дейді ауыл тұрғыны Аманғазы Сейілтаев.   

Өркениет игілігінен ауыл тұрғындары тек жарықты пайдаланады. Бірақ тариф тым жоғары, дейді халық. Электр желілері жекеменшікке берілген.

Ауыл әкімдігі бұл проблемалар бұрынғы басшылықтан өздеріне "мұраға" қалғанын айтады.

"Өткен жылы берілген өтінімдер мақұлданған жоқ. Биыл қыркүйек айында ғана Төңкеріс ауылындағы бес көшеге және Қызыл Ту ауылындағы жеті көшеге өтінім жібердік. Осы екі ауылда жол, жарық және су мәселесі шешілмеген көптеген жаңа құрылыс бар. Егер аудан әкімдігі өтінімді мақұлдаса, келесі жылы жол жөнделеді", - деп түсіндірді Панфилов ауылдық округінің әкімі Асыл Ваисов.  

Сонымен қатар, ол су проблемасын шешіп беруге де уәде берді. Ол үшін демеуші тауып, су айдауыш мұнараны салатын орынды таңдау керек екен.

Шенеуніктер тұрғындарға электр энергиясының тарифін төмендету мәселесін шешуге де көмектесеміз деп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1877623-lip-zatsa-da-kelmejdi-almaty-oblysynda-auyl-trgyndary-mitingige-sykty/

pixel