RU

Қырғызстанда парламент сайлауы кейінге шегерілді

Қызғызстандағы сайлау
Фото: Nazir Aliyev Tayfur/Anadolu Agency via Getty Images

Жогорку кенеш депутаттары 22 қазанда үш оқылым өткізбей-ақ "Қырғызстан президенті мен Жогорку кенеш депутаттарын сайлау туралы" конституциялық заңға өзгерісті қабылдады деп хабарлайды Азаттық Радиосы.

Депутаттар қабылдаған заң жобасынан соң конституциялық реформа өткенге дейін заңдағы 38 және 63-бап күшін жояды. Яғни, сайлау өткізу мерзімі бойынша норма жүзеге аспайды.

Жобадағы тағы бір бапқа сай, конституциялық реформа 2021 жылдың 10 қаңтарына дейін өтуі тиіс. Тағы бір бап Жогорку кенеш сайлауы конституциялық реформадан кейін өткізуді бекітеді. Ал конституциялық реформа 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін жасалуы тиіс.

Заң жобасын ұсынған депутат Акылбек Жапаровтың сөзінше, үш айдың ішінде парламент, президент және референдум өткізу қаржы жағынан қиынға түседі. Ол қазіргі Жогорку кенеш реформа өткенге дейін жұмыс істей беретінін де айтты.

Жогорку кенеш мүшелері бұл заң жобасын талқыламай бірден дауыс беріп, 83 депутат қолдады.

Еске салсақ, президент міндетін уақытша атқаратын Қырғызстан премьер-министрі Садыр Жапаров экономикалық рақымшылық жариялаған болатын. Оған сәйкес, жемқорлар ақшаны бір ай көлемінде қайтаруы керек.

Айта кеткен жөн, Қырғызстан президенті міндетін атқарушы Садыр Жапаров бәзбіреулердің ұлына хабарласып, мемлекеттік қызметке орналасу үшін ақша ұсынып жатқанын айтқан болатын. Премьер-министрдің айтуынша, 30 жыл бойы министрлікке, мемлекеттік қызметке орналасу үшін ақша төленген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881043-kyrgyzstanda-parlament-sajlauy-kejinge-segerildi/