RU

Павлодарда бақылау тобы түнгі уақытта жұмыс істеп тұрған барға 1 сағат бойы кіре алмаған (видео)

Түнгі клуб
Көрнекі фото: pixabay.com

Павлодарда бақылау тобының мамандары тексеріс жүргізу үшін көңіл көтеру орнына барған. Алайда оларға ішке кіру үшін сыртта бір сағат күтуге тура келген деп жазады Павлодар әкімдігінің Instagram парақшасы.

25 қазанда мониторинг тобы пандемияға байланысты енгізілген шектеу шараларын бұзудың 5 дерегін анықтаған.

Мәселен тыйым салынса да, көңіл көтеру орындарының бірі кешкі сағат 23.00-ден кейін жұмыс істеген. Алайда мамандар ғимараттың ішіне кіре алмаған.

"Тексеру үшін мекемеге кіру мүмкіндігі болмады. Мониторингтік топ тексеріс жүргізу үшін ғимаратқа бір сағат өткен соң ғана кіре алды", - делінген әкімдіктің хабарламасында.

Аталмыш ғимараттан 153 қонақ болған. Осы дерек бойынша жиналған іс-материалдар Павлодар қаласы ТКҚСҚБД басқармасына жіберілген. Каранти талаптарын бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Еске сала кетсек, бұған дейін полициядан қашқан Нұр-Сұлтан тұрғындары караоке-бардың терезесінен секіріп кеткенін жазған едік.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, қызметтік көлікті байқаған адамдар өздерінің карантинді бұзғанын түсініп, ғимараттың ішіне жасырынуға асыққан.

Клиенттер мен мекеменің әкімшісінің полицейлерден екінші қабаттағы терезе арқылы қашып кетуге тырысқан сәт видеоға түсіп қалыпты.

Сонымен қатар Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қалалықтарға үндеу жасап, той-жиын өткізбеуге шақырған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881512-pavlodarda-bakylau-toby-tngi-uakytta-zmys-istep-trgan-barga-1-sagat-bojy-kire-almagan-video/