RU

Жамбыл облысында жалған дипломмен екі жыл сабақ берген "ұстаз" сотталды

диплом
Көрнекі фото: aikyn.kz

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының прокуратурасы орта мектептің орыс тілі мұғалімінің жалған дипломмен 2 жыл бойы білім беріп келгенін анықтады деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық прокуратура мәлімдеуінше, осы жылғы 15 қазандағы сот үкімімен аталған адам жалған диплом пайдаланғаны үшін 80 сағатқа сотталып, мемлекет кірісіне 1 млн теңгеден астам залал өндірілген.

«Аудан прокуратурасы ҚР заңдарын бұзбауға шақырады. Ал егер сіз осындай жағдайларға куә болсаңыз, азаматтық бастама көтеріп, құқық қорғау органдарына хабарлаңыз. Өйткені, біздің балаларымыздың болашағы білім сапасына байланысты», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Шымкенттегі академик А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті лицензиясыз қалғаны туралы хабарлаған едік.

Мұндай шешімге университетте білім саласындағы заңнаманың сақталуы бойынша бірнеше рет өткізілген тексеріс жұмыстары себе болған екен.

Одан бөлек, лицензиядан айыруға Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты отырысының қорытындысы да әсер еткен. Шешім он жұмыс күні ішінде заңды күшіне енеді.

Айта кетсек, Халықтар достығы университеті сот шешіміне де, министрлікке де бұл шешіммен келіспеген жағдайда шағымдануға құқылы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881771-zambyl-oblysynda-zalgan-diplommen-eki-zyl-sabak-bergen-staz-sottaldy/