Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Еңбек" бағдарламасы маған серпін берді": Алматылық жас тіс дәрігерінің оқиғасы

Опубликовано:

Эдуард Цой
Фото: Эдуард Цойдың жеке мұрағатынан

Алматылық Эдуард Цой небәрі 25 жаста болса да, тіс дәрігері мамандығын тәжірибе жүзінде игеріп үлгерген. Ол оқуын аяқтағаннан кейін бірден өз мамандығы бойынша жұмыс таба алған бақытты жандардың бірі деуге болады. Ал мұндай мүмкіндікті оған нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы сыйлады.

Эдуард Цой бала кезінен тіс дәрігері болуды армандаған. Сондықтан мектепте жоғары сыныптарға көшкенде қандай мамандық таңдайтыны туралы ұзақ ойланған жоқ. Жас жігіт медициналық университетке түсіп, былтыр ұзақ жыл қанатына қиял бітірген тіс дәрігері дипломын иеленді.

Содан кейіпкеріміз алтын уақытын бос өткізгісі келмей, дереу жұмыс іздеуге кірісті. Себебі алған білімін мүмкіндігінше іс жүзінде тезірек кәдеге жаратқысы келді. Бірақ көп жерде балаң түлекті құшақ жая қабылдамайтыны анық еді. Оның үстіне қанатқақты талпынысы үшін ақша төлеу керек болды.

Сондықтан оқуды бітіргеннен кейінгі алғашқы үш айда ол жеке стоматологиялық емханада дәрігердің көмекшісі болып істеді. Алайда жас маманға оқып-түйгенін толық пайдалана алмай жатқаны маза бермеді.

"Достарым менің уайымымды көріп, Жұмыспен қамту орталығына жүгінуге кеңес берді. Сонымен қатар, "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы, оның көмегімен өз мамандығым бойынша жұмыс таба алатыным туралы және өздерінің бұл ретте жасаған қадамдары сәтті болғанын көп айтты. Сөйтіп бағымды сынауға бел будым. Осы орайда маған бірден бағдарламаға "Жастар практикасы" бағыты аясында қатысу ұсынылды. Келістім және еш өкінбейтінімді жеткізгім келеді", – дейді Эдуард.

Эдуард алты ай ерінбей тәжірибеден өтті және сол уақыт бойы жалақы алып жүрді. Ең бастысы баяғыдан жүрегін жылытқан арманы орындалып, науқастарды емдей бастады және іс жүзінде мамандықтың қыр-сырына үңілді. Обалы не керек, бай тәжірибесі бар аға буын әріптестері әрдайым жақын жерден табылып, қолдады, білгендерімен бөлісті. Басшылық жас маманның еңбекқорлылығы мен алғырлығын, шеберлігін лайықты бағалап, оны емханаға тұрақты жұмысқа қалдырды.

"Бастапқыда науқастардың тәжірибесі жеткіліксіз жас дәрігер ретінде маған үрке қарап, сенбейтіні сәл қапаландыратын. Бірақ уақыт өте келе бәрі өзгерді. Бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде үнемі маған ғана тіс емдетуге келетін жандар пайда болды. Күніне 5-6 адам қабылдаймын", - дейді жас стоматолог.

"Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысушы әлі де кәсіби өсуді, шеберлігін шыңдауды көздейді.

"Мен өз кәсібім туралы бәрін білгім, жаңа әдістер мен технологияларды игергім келеді. Оның ішінде біліктілігімді арттыру үшін шетелге оқуға барсам ба деймін. Мысалға, "Стоматологиялық имплантация» бағытын терең зерттеуді қалаймын. Бұл мен үшін өте қызықты тақырып және көкжиегімді кеңейте түспекпін", - дейді Эдуард Цой.

Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау ол үшін үлкен болашаққа жол ашатын белеске айналды.

Жыл басынан бері Алматыда Халықты жұмыспен қамту орталығы және жастар практикасы арқылы 1453 адам жұмысқа орналастырылды. Барлығы 69 547 алматылық аталған мекемеге жұмыс табуда көмек сұрап келді және "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында қолдау шараларымен қамтылды.

Жастар практикасына қатысушылардың жалақысы 69,5 мың теңгені құрайтынын атап өткен ләзім. Олардың көбісі сол жұмыс орнында тұрақты жұмысқа қалуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881980-ebek-bagdarlamasy-magan-serpin-berdi-almatylyk-zas-tis-drigerini-okigasy/

pixel