2 қарашадан бастап Шығыс Қазақстанда қандай шектеу шаралары енгізіледі
Жарияланған күні:
COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барды деп хабарлайды ведомствоаралық комиссияның Telegram арнасы.
Вице-премьер өңірдегі эпидемиологиялық ахуал бойынша облыс басшылығымен жедел кеңес өткізіп, облыс әкімі Даниал Ахметовтің қабылданып жатқан шаралар бойынша есебін тыңдаған.
Кеңес қорытындысы бойынша Ералы Тоғжанов облыс әкімдігіне он күн мерзім ішінде өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру бойынша түбегейлі шараларды қабылдауды, денсаулық сақтау министрлігіне консультативтік-әдістемелік көмек көрсету үшін жоғары білікті мамандарды өңірге жіберуді тапсырды.
Облыстағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында өңірде бірқатар шектеу шаралары енгізіледі. Олар:
- ағымдағы жылдың 2 қарашасынан бастап Өскемен қаласына кіру және шығу бойынша әуе қозғалысын азайту;
- Нұр-Сұлтан қаласына/нан - аптасына 17-ден 7 рейске дейін;
- Алматы қаласына/нан - аптасына 14-тен 7 рейске дейін;
- Шымкен қаласына/нан - аптасына 2-ден 1 рейске дейін.
- ағымдағы жылдың 2 қарашасынан бастап Нұр-сұлтан -Өскемен маршруттары бойынша теміржол қатынасын аптасына 3-тен 1-ге дейін, Алматы-Өскемен маршруттары бойынша аптасына 7-ден 3-ке дейін қысқарту;
- жолаушылардың Шығыс Қазақстан облысынан әуе және темір жол көлігімен шығуы үшін коронавирустың теріс нәтижесі бар ПТР тесттен өткендігі туралы анықтаманың міндетті түрде болуын қамтамасыз ету (берілген күнінен бастап 3 тәуліктен аспайтын);
- транзитпен өтетін темір жол құрамдарының облыс ішінде тоқтауына тыйым салу;
- санитарлық бекеттерді қоя отырып, Шығыс Қазақстан облысына кіруді және шығуды шектеу;
- облыстың басқа қалалары/аудандары арасында халықтың қозғалысын сақтай отырып, Өскемен қаласының аумағына кіруге және шығуға тыйым салу;
- демалыс және мереке күндері шектеу шараларын күшейту;
- халық арасындағы байланыстарды азайту мақсатында қоғамдық көліктің қатынау санын ұлғайту;
- қызметкерлердің кемінде 80 пайызын қашықтағы жұмыс форматына ауыстыруды қамтамасыз ету;
- офлайн форматта жиналыстарды өткізуге тыйым салу;
- кіреберістерде, лифтілерде, автотұрақтарда және балалар ойнайтын алаңдарда, азық-түлік базарларында және т. б. жерлерде дезинфекция жүргізуді қамтамасыз ету;
- вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмыскерлердің (вахтаға кіру және шығу кезінде) ПТР тексерістен өтуін қамтамасыз ету;
- әуежайларға, теміржол вокзалдарына күтіп алушылар мен шығарып салушылардың кіруіне тыйым салу (қолында билеті болған жағдайда ғана өткізу);
- адамдар көп жиналатын орындарға ерекше назар аудара отырып, мониторингтік топтардың карантин режимін сақтау жөніндегі жұмысын күшейту;
- карантин режимін сақтау қажеттілігі туралы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде шараларды қабылдау.
Шығыс Қазақстан облысындағы эпидемиологиялық ахуал үкіметтің бақылауында.
Еске сала кетсек, бұған дейін 1 қарашадан бастап Шығыс Қазақстан облысында карантин шаралары күшейтілетінін, өңірде 13 блок-бекет жұмыс істейтін жазған едік.
Айта кетсек, өткен тәулікте елімізде 392 адамнан COVID-19 инфекцияcы анықталған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882379-2-karasadan-bastap-sygys-kazakstanda-kandaj-sekteu-saralary-kabyldanady/