RU

Ақтөбе облысында киік мүйіздерінің кезекті партиясы тәркіленді

Киік мүйіздері
Фото: polisia.kz

Ақтөбе облысында жергілікті тұрғынның үйінен 167 дана киік мүйізі табылды деп хабарлайды Polisia.kz.

28 қазан күні Шалқар ауданының Бегімбет кентінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде 36 жастағы жергілікті тұрғын мен Қызылорда облысы Арал ауданының 28 жастағы тұрғыны ұсталды.

Күдіктілердің бірінің үйінің ауласында мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз тұрған "Планета-3" маркалы мотоциклді тінту барысында 167 дана киік мүйізі салынған полипропилен қап, бұдан басқа үй қоймасынан 12 калибрлі "ИЖ-18мм" бір ұңғылы аңшы мылтығы мен 12 патрон, ас үй бөлмесіндегі қол жуғыштың астынан салмағы 5 кг киік еті бар полиэтилен пакет табылды.

Бұл факт бойынша қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-тармағымен (Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Еске салсақ, биыл 18 қазан күні кешкі уақытта Алматы облысында учаскелік инспектор Алакөл ауданының 33 жастағы тұрғынының басқаруындағы Audi маркалы автокөлігін тоқтатқан. Күдікті сирек кездесетін жылқыны ұрлап, сойып алған көрінеді.

Оған қоса, Павлодар облысында бір отар қой бақташысыз жайылып жүріпті. Иесі малын тексеруге келгенде біреуі жоғалғанын байқаған. Полиция қызметкерлері іздестіру кезінде арыз берушінің көршісінен күдіктеніп, қамауға алған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882504-aktbe-oblysynda-kiik-mjizderini-kezekti-partiasy-trkilendi/