RU

ДДСҰ басшысы өзін өзі оқшаулау режиміне көшті

Тедрос Аданом Гебреисус
Фото: AFP

ДДСҰ бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус COVID-19 жұқтырған адаммен байланыста болғандықтан өзін-өзі оқшаулау режиміне көшкенін мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Гебреисустің сөзінше, ол коронавирустық инфекция диагнозы қойылған адаммен байланыста болғандардың арасында бар.

Бұл туралы ДДСҰ бас директоры өзінің Twitter-дегі ресми парақшасында жазды.

ДДСҰ басшысының сөзінше, ол өзін жақсы сезінеді және қазіргі уақытта COVID-19 белгілерін сезініп жатқан жоқ. Десе де, қауіпсіздік мақсатында біраз уақыт үй карантинінде болмақ.

Сонымен қатар Гебреисус қашықтықтан жұмыс істей беретінін мәлімдеді. Желідегі жазбасында ДДСҰ бас директоры коронавирусқа қарсы санитарлық және басқа да талаптардың сақталуы маңызды екенін атап өтті.

Оның айтуынша, тек осылай аурудың таралуына жол бермей, вирусты тоқтатуға болады.

Гебреисус әріптестерімен бірлесе отырып, адам өмірін сақтап қалу және халықтың осал топтарын қорғау бойынша жұмысын жалғастыра беретіндігін баса айтты.

Еске салсақ, бұған дейін 2 қарашадан бастап Қызылорда облысында коронавирус инфекциясының таралуына байланысты жаңа шектеу шаралары күшіне енетінін жазған едік.

Одан бөлек, Қарағанды облысында коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін 4 қарашада сағат 00.00-де сыртқы шекараларға кіруді/шығуды бақылау үшін үш санитарлық бекет жұмысын бастайтынын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882533-dds-bassysy-zin-zi-oksaulau-turaly-sesim-kabyldady/