RU

Коронавирус: Шығыс Қазақстан облысы "қызыл аймаққа" енгізілді

дәрігер
Көрнекі фото: NUR.KZ

Шығыс Қазақстан облысы коронавирустың таралу қарқыны бойынша "қызыл аймаққа" енді. Бұл туралы өңірдің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Талғат Тұңғышбаев айтты деп хабарлайды Қазақпарат.

"Өздеріңіз білетіндей, әлемнің көптеген елдерінде қатаң локдаундар енгізілген. Испанияда төтенше жағдай режимі мен коменданттық сағат енгізілді, шектеулерді 2021 жылдың мамырына дейін ұзарту жоспарлануда. Ирландияда 6 қазаннан бастап қайта локдаун жарияланды. Үйлерінен 5 шақырымнан асатын қашықтықта жүруге тыйым салынып, барлық кәсіпорындардың жұмысы тоқтатылды", - дейді Тұңғышбаев.

Оның сөзінше, Францияда 1 желтоқсанға дейін коменданттық сағат енгізілген. Германияда қайта карантин жарияланып, қонақ үйлер, тамақтану орындары жабылған.

Тұңғышбаевтың айтуынша, ал ШҚО-да жұмсартылған шектеулер бекітілген. Яғни өзге елдердегі сияқты кәсіпорындар жабылмайды, коменданттық сағат енгізілмейді.

Өңірдегі барлық шектеу шаралары адамдардың денсаулығы мен өмірін қорғауға бағытталған екен.

"Біз азаматтардың осы шектеу шараларына жауапкершілікпен қарап, түсіністік танытарына сенеміз. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!", - дейді Талғат Тұңғышбаев.

Естеріңізге сала кетейік, өткен тәулікте елімізде коронавирус жұқтырған 449 адам тіркелді. Оның 226-сы Шығыс Қазақстан облысынан.

Айта кетейік, бұған дейін еліміздің бас санитар дәрігері ШҚО-да коронавирустың өршу себебін түсіндірген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882911-koronavirus-sygys-kazakstan-oblysy-kyzyl-ajmakka-engizildi/