Африкада мұғалім болып жүрген қазақ қызы туралы не білеміз
Жарияланған күні:
Орталық Африка Республикасында ағартушылық қызметпен айланысып жүрген қазақ қызы Айман Мәмедалиева жырақтағы жұмысы туралы айтып берді деп жазады Түркістан басылымы.
Айман Жамбыл облысы, Жуалы ауданына қарасты Бақалы ауылының тумасы. Ол отбасымен бірге Банги қаласында тұрады.
"Африка құрлығына жолдасымның қызмет бабымен көштік. Негізі, күйеуім екеуміз шетелде жұмыс істесек, ел көрсек, жер көрсек деген мақсатты көздегенбіз. Сөйтіп жүргенде Африкадан бір-ақ шықтық қой. Бүгінде осында жұмыс істеп жатқанымызға тұп-тура бір жыл толды. Жолдасым осындағы жалпы білім беру кешеніне басшылық етеді, ал мен сол мектепте сабақ беремін әрі кітапханада жұмыс істеймін", - деп сөзін бастады ол.
Айман еңбек жолын Тараз қаласындағы мектепте бастағанын, сосын бірнеше колледжде жұмыс істегенін атап өтті.
"Негізі, мұғалім боламын деп, жүрмеген жерім, баспаған тауым жоқ. Жолдасым түрлі жұмыс, көп жағдайда мектеп директоры қызметін атқарған соң, тұрғылықты жерді жиі ауыстырдық, сөйтіп еліміздің бірнеше аймағындағы оқу орындарында ұстаздық еттім. Кейіннен жолдасым ойлана келе Орталық Африка мемлекетінің астанасы Банги қаласына жұмысқа орналасу туралы шешім қабылдады. Әркез оның шешімін жөн санайтын мен кезекті рет оның қасына еріп, осында отбасымызбен көшіп келуді ұйғардық", - деді Айман.
Отандасымыз былтыр бастауыш сыныптарға сабақ бергенін, биыл жоғары сыныпты да қатар алып жүргенін жасырмады.
"Мұнда оқушыларға шет тілдерінен сабақ беремін. Негізі, бастауыш сыныптарда жұмыс жетіп артылады, апта сайын әртүрлі іс-шаралар атқаруым керек. Мұндағы мектептерде француз тілінде оқытатындықтан, тілді түсіну жағынан сәл қиналатыным рас. Десек те, қазіргі таңда жергілікті маманнан француз тілін үйреніп жүрмін. Бүгінде французша сөз құрайтын деңгейге жеттім. Негізі, біз – қазақтың қыздары еті тірі жандармыз ғой (күліп). Кез келген істі дөңгелетіп алып кетуге әлеуетіміз жетеді.
Менің негізгі жұмысым кітапханамен байланысты, онда оқушыларға кітап таратамын, кітаптарды каталогтарға енгіземін, кітапхана ішін реттеймін", - дейді Айман.
Отандасымыз сабақта ара-тұра қазақ тілін де қолданатынын айта кетті.
"Тіл маманы ретінде қазақ тілін өзге ұлтқа оқытқанды қызық көремін. Әлбетте, қазақ тілін үйрету оңай емес, дегенмен үлкен сыныптың қыздары қазақша амандасуды жаттап алған, мені көргенде "Қалайсың?" деп амандасады. Олардың аузынан мұндайды естіген бір қызық, бірақ естіген сайын бір марқайып қаламын", - дейді Жамбыл облысының тумасы.
Еске сала кетсек, осыған дейін Түрік сериалдарына киім тігіп жүрген қазақ азаматы туралы жазған едік.
Сонымен қатар, суға зәру африкалықтарға құдық орнатып берген қазақ жастары жайында хабарлаған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883246-afrikada-mgalim-bolyp-zrgen-kazak-kyzy-turaly-bilesiz-be/