RU

Африкада мұғалім болып жүрген қазақ қызы туралы не білеміз

Фото
Фото: Айманның жеке мұрағаты

Орталық Африка Республикасында ағартушылық қызметпен айланысып жүрген қазақ қызы Айман Мәмедалиева жырақтағы жұмысы туралы айтып берді деп жазады Түркістан басылымы.

Айман Жамбыл облысы, Жуалы ауда­нына қарасты Бақалы ауылының тумасы. Ол отбасымен бірге Банги қаласында тұрады.

"Африка құрлығына жолдасымның қызмет бабымен көш­тік. Негізі, күйеуім екеуміз шетелде жұмыс істесек, ел көр­сек, жер көрсек деген мақсатты көздегенбіз. Сөйтіп жүр­генде Африкадан бір-ақ шықтық қой. Бүгінде осында жұмыс істеп жатқанымызға тұп-тура бір жыл толды. Жолдасым осындағы жалпы білім беру кешеніне басшылық етеді, ал мен сол мектепте сабақ беремін әрі кітапханада жұмыс істеймін", - деп сөзін бастады ол.

ұстаз
Фото: Айманның жеке мұрағаты

Айман еңбек жолын Тараз қаласындағы мектепте бастағанын, сосын бірнеше колледжде жұмыс істегенін атап өтті.

"Негізі, мұғалім боламын деп, жүрмеген жерім, баспаған тауым жоқ. Жолдасым түрлі жұмыс, көп жағдайда мектеп директоры қызметін атқарған соң, тұрғылықты жерді жиі ауыстырдық, сөйтіп еліміздің бірнеше аймағындағы оқу орындарында ұстаздық еттім. Кейіннен жолдасым ойлана келе Орталық Африка мемлекетінің астанасы Банги қаласына жұмысқа орналасу туралы шешім қабылдады. Әркез оның шешімін жөн санайтын мен кезекті рет оның қасына еріп, осында отбасымызбен көшіп келуді ұйғар­дық", - деді Айман.

Фото
Фото: Айманның жеке мұрағаты

Отандасымыз былтыр бастауыш сыныптарға сабақ бергенін, биыл жоғары сыныпты да қатар алып жүргенін жасырмады.

"Мұнда оқушыларға шет тілдерінен сабақ беремін. Негізі, бастауыш сыныптарда жұмыс жетіп артылады, апта сайын әртүрлі іс-шаралар атқаруым керек. Мұндағы мектептерде француз тілінде оқытатын­дықтан, тілді тү­сіну жағынан сәл қинала­тыным рас. Десек те, қазіргі таңда жергілікті маманнан фран­цуз тілін үйреніп жүрмін. Бүгінде фран­цузша сөз құрайтын деңгейге жеттім. Негізі, біз – қазақтың қыздары еті тірі жан­дар­мыз ғой (күліп). Кез келген істі дөң­ге­летіп алып кетуге әлеуетіміз жетеді.

Менің не­гізгі жұмысым кітапханамен байланысты, онда оқушыларға кітап таратамын, кітаптарды каталогтарға енгіземін, кітапхана ішін реттеймін", - дейді Айман.

Фото
Фото: Айманның жеке мұрағаты

Отандасымыз сабақта ара-тұра қазақ тілін де қолданатынын айта кетті.

"Тіл маманы ретінде қазақ тілін өзге ұлтқа оқытқанды қызық көремін. Әлбет­те, қазақ тілін үйрету оңай емес, дегенмен үл­кен сыныптың қыз­дары қазақша амандасуды жаттап алған, мені көргенде "Қа­лайсың?" деп амандасады. Олар­дың аузынан мұндайды естіген бір қы­зық, бірақ естіген сайын бір марқайып қала­мын", - дейді Жамбыл облысының тумасы.

Еске сала кетсек, осыған дейін Түрік сериалдарына киім тігіп жүрген қазақ азаматы туралы жазған едік.

Сонымен қатар, суға зәру африкалықтарға құдық орнатып берген қазақ жастары жайында хабарлаған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883246-afrikada-mgalim-bolyp-zrgen-kazak-kyzy-turaly-bilesiz-be/