RU

Үйлену тойға барған Айбек Нұғымаров тәртіптік жазаға тартылaтын болды

спортшы
Фото: instagram.com/aibeknugymarovofficial

Карантинде тойға барып, көзге түскен танымал қазақстандық спортшы, Семейдегі колледж директоры Айбек Нұғымаров тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Жұмаділованың айтуынша, Семейдегі көлік колледжі директорының тойда бой көрсеткені соңғы күндері қызу талқыға түскен.

"Барлық қызметкерлер мен студенттерге үлгі болатын директордың өзі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзып отыр. Айбек Нұғымаров қазіргі уақытта еңбек демалысында. Жұмысқа шыққаннан кейін оны тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады", - дейді білім басқармасының басшысы.

Сонымен қатар Сайрангүл Жұмаділова өңірдің барлық колледждері жаңа 2020-2021 оқу жылына дайындық шараларын қабылдағанын жеткізді.

Оның сөзінше, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің департаментімен келісім бойынша, барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, ауылдық жерлерде және шағын қалаларда орналасқан 6 колледжде ғана оқу жылы дәстүрлі форматта басталған.

Айта кетейік, Айбек Нұғымаров — "Қазақстан барысы" (2013), "Әлем барысы" (2017, 2018) турнирінің жеңімпазы, қазақ күресінен 4 дүркін Әлем (2010, 2013, 2014, 2016), 4 дүркін Азия чемпионы (2008, 2009, 2014, 2018), "Құрмет" орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Ол пандемия өршіген тұста коронавирус жұқтырып алған еді.

Кейін Нұғымаров халықты бір адамдай жұмылып, қауіпті індетпен күресуге шақырған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884173-jlenu-tojga-bargan-ajbek-ngymarov-zazaga-tartylady/