Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Өзбекстанда 10 жыл құлдықта болған алматылық келіншек жанайқайын айтты

Опубликовано:

әйел
Көрнекі фото: pexels.com

Он жыл құлдықта болған келіншекті жезөкшелікке сатпақ болған. Бұл туралы тағдыр тәлкегіне түскен жанның өзі айтып берді. 2000 жылдары жұмысынан қысқарып қалған Алматы облысының тұрғыны Өзбекстанда айлығы 400 доллар жұмыс бар дегенді естіп, сонда оншақты адаммен бірге аттаныпты. Алайда алаяқтардың құрбаны болғанын көршілес мемлекетке барғанда бірақ сезген деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Қызғалдақ Байсақанова Алматы қаласында өмір есігін ашып, Қаскелеңде өскен.

2000 жылдары қызметінен қысқарып қалған уақытта Өзбекстанда айлығы жоғары жұмыс бар деген ұсыныс келеді. Қолдарына 200 доллардан ұстатқанда сенбеске амалдары қалмапты.

Әйелдің айтуынша, шекарадан өткен бойда құжаттарын жинап алып, бірікке Араб Әмірлігіне жезөкшелікке сатпақ болған.

"Олар менің көзімше паспортымды жыртып, аузына келгендерін айтты. Бірікке Араб Әмірлігіне жезөкшелікке сатпақ болды. Бұл ойлары жүзеге аспаған соң белгісіз сектаға сатып жіберді. Қара киінген сақалды адамдар. Жазда мақта жинап, қысты жылыжайда жұмыс істедім. Аш болған жоқпыз, бірақ бостандығымыз болмады", - дейді Қызғалдақ.

Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, он жыл бойы құлдықтың қамытын киіп жүрген келіншек Ауғанстан шекарасына жақын маңда болған екен. Қашуға талай талпынғанымен ұстап алып соққыға жағыпты. Салдарынан сынбаған жері қалмаған.

2008 жылы мақта алқабында қыз босанып, баласы екі жасқа толғанда қашып шығуға мүмкіндік туған. 7 айдан кейін елшілік қызметкерлерінің көмегімен шекарадан бері өтіпті.

Ал туған үйіне оралғанда тағы быр тосын сый күтіп тұрған. Туыстары көз жұмып, әкесінің үйі сатылып кетіпті. Бұл туралы көршілерінен естіп, бірлген.

"2006 жылы сіңілім тұрмысқа шыққанымен жолы болмай күйеуінен туберкулездің ашық түрін жұқтырып, ауруханада өзіне қол салған. Әкем оны көтере алмай миына қан құйылып көз жұмған. Екеуі де бір жылда қайтыс болған", - деді Қызғалдақ Байсақанова.

Келіншек 10 жылдан бері Қарасай аудандық әкімдігінің табалдырығын тоздырғанын жасырған жоқ. Олар Қызғалдаққа құжаттарын қалпына келтіруге көмектесіп, пәтер кезегіне қойған. Аудандық әкімдігінің өкілдері келіншектің жағдайынан хабардар екенін жеткізді. Баспана кезегінде 115 болып тұр екен. Үй алу үшін жұмысқа тұруға кеңес беріпті.

"Көмірмен де ақшамен де, азық-түлікпен де көмектесіп отырмыз. Бүгінгі күні бақытты отбасы бағдарламасына ол кісіні қатыстыру үшін, біз ол кісіге жұмыс жағын реттеп, зейнетақыларын түгендесін деп ол кісіге айттық", - дейді Қарасай аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ербол Нағашыбаев.

Дәрігерлер Қызғалдақтың сүйегінің 60 жерден сынғанын анықтаған. Сондықтан жұмысқа жарамсыз екенін айтады. Қайырымдылық қоры ай сайынғы пәтер ақысы мен азық-түлік, киім-кешекпен қамтуді өз мойындарына алыпты.

"Мен мемлекеттен оның үйін қайтарып бергенін не болмаса қайырымды жандар шағын үй немесе жер телімін сатып алып бергенін қалаймын. Себебі оның тағдыры өте ауыр. 10 құлдықта болу деген өте қиын. Қызы жақсы,тап тұйнақтай, таза жүреді", - деді қайырымдылық қорының жетекшісі Оксана Маралова.

Сөз соңында тағдыр тәлкегіне түскен келіншек ел тұрғындарын шетелде қомақты жалақыға жұмыс бар дегенге сенбеуге шақырады.

Еске сала кетсек, осыған дейін алты жасар қызы көз жұмған алматылық келіншек жанайқайын айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884356-zbekstanda-10-zyl-kldykta-bolgan-almatylyk-kelinsek-zanajkajyn-ajtty/

pixel