RU

Алматыда 3 баласымен жалғыз қалған 1 топ мүгедегі халықтың көмегіне зәру

Айдар
Кадр: КТК арнасынан

Алматыда тәжік-ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысқан ардагер әрең күнелтіп жүр. Айдар Серкебаевтың әйелі былтыр ажал құшып, 3 баламен жалғыз қалған. Өзі бірінші топтағы мүгедек. Аяқ-қолы қимылсыз қалған әкенің күтімі мен үй шаруасы 7, 11 және 13 жастағы балаларының мойнында. Сыз тартқан аядай үйде өлместің күйін кешіп жатқандар туралы КТК арнасы хабарлайды.

Айдар Серкебаевтың арбаға таңылғанына үш жыл. Құрылысшы жұмыс барысында биіктен құлап, қол-аяғы қимылдамай қалған. Жығылғанға жұдырықтай, былтыр күзде әйелі ажал құшыпты. Содан бері, үш баламен жалғыз өзі қалған.

Әйелі марқұм болғалы үй шаруасы шиеттей үш баланың мойнында екен.

"Өз басымда үйім жоқ. Қарындасымның үйі. Сол өзім осында тұрып жатырмын. Балалар қиналып кетті. Далаға шығарады мені дәретке. Сабағы бар олардың. Мені далаға шығарады. Кей кезде өзім шыдап отыра беремін балалар сабағын біткенше", - дейді тәжік-ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысқан ардагер Айдар Серкебаев.

Телеарна тілшісінің мәліметінше, жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі әке тұрып жатқан аядай ғана үйдің іші қара суық. Себебі, олар өзі аз көмірді тек түнде жағады екен.

Айдар4
Кадр: КТК арнасынан

44 жастағы Айдардың өзі тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыста жарты жыл қызмет еткен. Бірақ қаруластары оны жақында ғана кездестіріпті. Сөйтіп, Айдардың бұл күйіне бей-жай қарай алмағандарын айтады.

Ал жергілікті әкімдік жалғызбасты әкенің жай-күйінен хабардар екен. Тек әзірге олардың қолынан келетіні үйге жылу кіргізіп беру ғана.

"Тегін газ тартып жатқанбыз. Бірақ, газын тартып едік, пешіне келіп тоқтап қалдық. Енді пештің мәселесін шешсек, үйде газ жанады деп ойлаймын. Қысқа дейін жасауға тырысамыз", - дейді Өжет ықшамауданы бойынша жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы Дәлелхан Сұлтанов.

Айдар Серкебаевтың бар қалауы - жайлы пәтер. Шенеуніктер оны үй кезегіне тұрғызуға қол ұшын созамыз деп уәде еткен. Ал ұл-қызына салмақ салғысы келмеген әке мәселені тезірек шешу үшін қайырымды жандардан көмек сұрауға мәжбүр.

Дереккөз КТК арнасы

Еске сала кетейік, бұған дейін төрт жыл бойы вагонда тұрып келген мектеп мұғалімінің баспаналы болғанын хабарлаған едік.

Сонымен қатар Алматыда мүмкіндігі шектеулі ұлымен қайыр тілеп жүрген жалғызбасты ананың үйлі болғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884446-almatyda-3-balamen-zalgyz-kalgan-1-top-mgedegi-halykty-kmegine-zru/