Әйгілі Amazon-да жұмыс істейтін қазақ қызы туралы не білеміз
Жарияланған күні:

ІТ бағытына бет бұрған жас мамандар арасында Facebook, Amazon, Apple, Netflix және Google сынды әлемге әйгілі компанияларда жұмысқа орналасуды арман ететіндер көп. Сол жерде көрген-түйгендеріне сүйене отырып жеке жоба ашуға, болашақта адам тұрмысын жеңілдететін тың жаңалық әкелуге ұмтылады. Осындай мақсатты көздеп жүрген отандасымыз Дара Түменбаева Испания астанасы Мадридте орналасқан Amazon компаниясының кеңсесінде бағдарлама жасақтаушы болып жұмыс істейді деп хабарлайды Түркістан газеті.
Дара Amazon-ға жұмысқа кіру үшін сегіз ай уақыт кеткенін жасырмады. Сұхбаттасу процесінің өзі екі айға жалғасты, дейді ол.
"Алдымен телефон арқылы сұхбаттасасың, кейін онда жұмыс істейтін ІТ маманы берген есепті шешуің керек, келесі кезеңде мінез-құлық психологияңды тексеретін сұрақтар қояды, сосын соңғы шешуші кезеңде бетпе-бет сұқбаттасуға шақырады. Сұқбаттасуға мені Оңтүстік-Шығыс Азия аймағынан тапсырған үміткерлермен бірге Жапонияға шақырды. Онда бір күннің ішінде төрт рет сұқбаттасып, нәтижесінде дәл сол жерде Amazon Kindle жобасының командасына қабылданғанымды жеткізді. Сосын Amazon-ның алты қалада орналасқан кеңселерінің ішінен біреуін таңдауымды сұрады, Еуропадағы нарыққа байланысты Мадрид қаласын таңдадым", - деді қазақ қызы.

Отандасымыз Amazon Kindle-де қандай міндеттерге жауапты екенін атап өтті.
"Мұнда бағдарлама жасақтаушымын, анығырақ айтсам, Amazon Kindle-дің Android және ІОС операциялық жүйесіне орнатылуына жауаптымын. Kindle құрылғысын сатып алғанда, алдымен телефон арқылы синхронизация жасауыңыз керек. Қажетті кітаптарыңызды жүктеп алып, тіпті интернетке қоспай-ақ, емін-еркін оқи аласыз. Сондай-ақ кітаптарды қайда сақтаймын деп те бас қатырмайсыз. Жалпы, кітапқұмар адамға Kindle құрылғысы – таптырмас құрал", - деді Дара.

Алматы қаласының тумасы бүгінде өнімді еңбек етіп жатқан жеке командасы бар екенін алға тартты.
"Бұл стартап командам бес адамнан құралған. Мен сол командаға басшылық етемін. Жалпы, еншімде үш жаңа жоба бар.

- Біріншісі медицинамен байланысты, анам дәрігер болып жұмыс істейтін медициналық орталықта пайдалы жобаны жүзеге асыруға барымызды салып жатырмыз. Сол жоба арқылы лор дәрігер өзінің емделушісі туралы түгел мәліметті қағаздардың арасын ақтарып жүргенше, компьютер арқылы таба алатын болады. Осы бастаманы масштабтау – менің басты армандарымның бірі. Сосын тағы бір арманым – емделушілерге арналған мобильді қосымша құрастыру. Мұнда емделуші туралы барлық мәлімет сақтаулы тұрады. Сосын емделуші медициналық мекемеге келгенде камераға қарап, сканерлеу арқылы оған қатысты мәліметті бірден экранға шығаратын жоба ойластырудамын.

- Ал екінші жобам "50 кездесу" деп аталады. Аталған жобаның мақсаты – карьера қуалаймын деп жүріп, жеке өмірін ұмыт қалдырған адамдарды табыстыру. Ағылшын тілінде Power Couple деген жақсы сөйлем бар, қазақшаға аударсам мағынасын дұрыс жеткізе алмайтын секілдімін. Бұл өз жұмысында жемісті еңбек етіп жүрген ер мен әйелдің өзара тіл табысуы, қолдау көрсетуі дегенді білдіреді. Аталмыш жобаны Орталық Азия аймағына танытып, сосын ары қарай әлем қолданатындай деңгейге жеткізгім келеді.

OK Dara school деген үшінші жобамда тыңдаушыларға қызықты әрі танымды, инновацияға қатысы бар дүниелерді үйретемін, өз білгеніммен бөлісемін. Мен секілді ІТ-ға қатты қызығатын қыздарға бағыт-бағдар көрсетемін. Байқап тұрғаныңыздай, мұнда мен коуч, ментор ретінде жұмыс істеймін", - деді ол.

Дара Қазақстанмен байланысты жоспарлары екенін жасырмады.
"Армандаған Amazon-ға кіріп алдым екен деп, артымда қалған адамдарды еш ұмытып кетпеймін. Біле білсеңіз, елде ІТ-ды жаңғақша шағатын таланттар өте көп. Шынымды айтсам, мұндай бейімді балаларды басқа жерден көрген емеспін. Дегенмен, олардың көзге түсуге мүмкіндіктері жоқ, шама-шарқы жетіңкіремей жатады. Ал өз қабілетін дұрыс арнаға бағыттаудың жолын білмейтін олар жағымсыз әрекетке әуес болып алады. Бірі азартқа кіріп, ойын ойнайтын жерлерден шықпаса, енді бірі алкогольді ішімдікке құмар болып кетеді. Сол себепті олардың басқа жолға түсіп кетпеуіне жол бермей, қолынан келетін жұмысқа кіргізіп немесе менің стартап жобаларымнан орын тауып беруге тырысып жатырмын. Қазіргі таңда 18-25 жас аралығындағы жастармен жұмыс істегім келіп жүр. Дегенмен, елде сол таланттарды жұмылдырып, тың нәрсе жасайын десең, көп жағдайда біздікілер идеямызды түсінбей жатады. Таныстарымның біразы инновациялық идеяларын ортаға салып, таныстырып еді, көпшілігі түсінбей, нәтижесінде демеуші де табылмай, ақырында мұхит асып, Америкадан демеуші тауып, сол жерде қабілетін дамытуға мәжбүр болады. Ал мұны дер кезінде түсінбеген қалталы адамдар қолдау білдірмегеніне бармағын тістеп, өкініп қалады", - деп сөзін қорытындылады әйгілі компанияның қызметкері.
Еске сала кетсек, бұған дейін Африкада мұғалім болып жүрген қазақ қызы туралы жазған болатынбыз.
Сонымен қатар Стамбұлда жеке дүкенімен қоса, шағын зауыты бар Тұран Баһадүр есімді қандасымыз туралы хабарлаған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884671-jgili-amazon-da-zmys-istejtin-kazak-kyzy-turaly-ne-bilemiz/