Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Миллионға зират салу "мода" ма": Белгілі имам қымбат таспен кесене салатындарға шүйлікті

Опубликовано:

Фото
Фото: kerek-info.kz/Facebook

Белгілі дінтанушы әрі имам Нұрлан қажы Байжігітұлы елімізде марқұм болған жандарға күмбез салып, кесене тұрғызу үшін миллиондаған ақша жұмсайтындарды сынға алды. Имамның айтуынша, бұл үлкен ысырап. Ислам дінінде мұндай ысырапшылдыққа жол бермеу керектігі айтылған. Нұрлан қажы қайтыс болған адамға мұндай құрмет көрсеткенше, сол қаржыны жағдайы төмен отбасылар мен пәтер жалдап жүрген жанұяларға берген әлдеқайда үлкен сауап екенін айтады. Бұл туралы ол KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.

"Ислам дінінде қайтыс болған адамға көрсетілетін құрмет бар. Марқұмның денесін жуып, кебіндеп, арулап жерлеу, артынан дұға ету – о дүниелік болған адамның алдындағы басты міндетіміз. Міне, марқұмға көрсетілетін құрмет осымен шектеледі. Бұл әруақты сыйлау деп аталады. Қазақ әруақты сыйлаған халық. Бірақ әруаққа ешқашан табынбаған. Тек бір Аллаға ғана құлшылық еткен. Ал қайтыс болған адамның басына қымбат тастардан кесене соғып, күмбез салу үшін қыруар қаржы жұмсау – нағыз ысырап. Одан да, зиратқа кеткен шығынды жағдайы төмен отбасыларға, әркімнің босағасында күнелтіп, пәтер жалдап жүрген жалғызбасты аналарға бөліп берген әлдеқайда дұрыс", - дейді дінтанушы.

Нұрлан қажының айтуынша, бүгінде миллиондаған ақшаға зират салу көпшілік арасында "модаға" айналған. Өкінішке қарай, мұның үлкен ысырап екенін ешкім түсініп жатқан жоқ.

"Қайтыс болған жақынына кесене салу үшін Еуропадан, Австриядан арнайы тас алдыртып жатқандар бар. Зират басын қымбат тастармен қашап қойып жатыр. Тірі кезінде сыйласпай, бір үзім нан мен бір үзім шайды бөліспеген адамға өлгеннен соң мұндай құрметтің түкке де керегі жоқ. Марқұм Батырхан Шүкенов ағамыз тірісінде бір награданы алмай кетті. Ал о дүниелік болған соң, басында үлкен кесене салып қойды. Расында, бұл дұрыс емес. Құрмет пен сыйластықты бір-біріне тірі кезде көрсету керек. Ал өлген соң мұның еш пайдасы тимейді", - дейді ол.

Имамның айтуынша, миллиондаған қаржыға күмбез салатындарға «қой» деп айтып, райынан қайтару әрбір мұсылман баласы үшін парыз.

"Ысыраптың қажеті жоқ. Егер таныстарыңыз қыруар ақшаға кесене саламын десе, тоқтатыңыз. Райынан қайтарыңыз. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю қырық парыздың екеуі саналады. Әлгі ақшаны жол салуға, үйсіздерге баспана салуға, тіпті болмаса, балабақша салуға, жоқ-жітікке бөліп беруге шақырыңыз", - дейді имам.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884907-millionga-zirat-salu-moda-ma-belgili-imam-kymbat-taspen-kesene-salatyndarga-sjlikti/

pixel