Маңғыстауда марқұмның кесенесіне байғазы бергендер елді таң қалдырды
Жарияланған күні:
Маңғыстау аймағында қайтыс болған адамның басын қарайтып, зиратына байғазы беру дәстүрге айналған. Бұл туралы атын атамауды өтінген өңір тұрғыны мәлімдеді. Айтуынша, бұл ертеден келе жатқан жоралғылардың бірі. Осы орайда, KAZ.NUR.KZ аталған жағдайға қатысты имам пікірін білген болатын.
Маңғыстаулық тұрғынның айтуынша, қайтыс болған адамның басына мазары салынған соң, жақындары марқұмның «үйіне» арнап байғазы береді.
"Зиратты әркім өз шамасына қарай салады. Әрине, құны 1-2 миллионға кетіп қалатындар бар. Ал қарапайым көпшілік өз қалтасына қарай марқұмға мазар тұрғызады. Осыдан соң о дүниелік болған адамның "үйіне" арнап жақындары байғазы береді. Бұл біздің жақта "тамбайғазы" деп аталады", - дейді ол.
Ал белгілі дінтанушы әрі имам Нұрлан қажы Байжігітұлы мұндай дәстүрдің дұрыс еместігін айтады.
"Қазақ халқы әруаққа қашан да құрмет көрсетеді. Қайтыс болған адамды арулап жерлеп, дұға бағыштайды. Бірақ қыруар қаржыға кесене тұрғызып, ақшаны желге шашудың қажеті жоқ. Мұның ысырап екені асыл дінімізде айтылған. Ал өлген адамның кесенесіне арнап байғазы беру - оғаш нәрсе. Байғазы мен көрімдікті қазақ жақсы нәрсеге берген. Жаңа зат, жаңа киім алғанда байғазы берсе, жаңа туған сәбиге, жаңа түскен келінге көрімдік сұраған. Осы орайда, марқұмның кесесіне байғазы беру мүлде қисынсыз", - дейді Нұрлан қажы.
Еске салсақ, бұған дейін біз Ресейде мұсылмандарға өзге дін өкілімен отау құруға тыйым салынғанын жазған едік.
Одан бөлек, ШҚО тұрғыны карантин шектеуіне қарамастан қыз ұзату тойын өткізгенін жазған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884991-magystauda-markmny-kesenesine-bajgazy-bergender-eldi-ta-kaldyrdy/