RU

ШҚО тұрғыны карантин шектеуіне қарамастан қыз ұзату тойын өткізген

Той
Көрнекі фото: pixabay.com

Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданының тұрғынына қыз ұзату тойын өткізгені үшін айыппұл салынды деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, шектеу шараларына қарамастан қыз ұзату тойын жасаған тұрғын үйіне 50-ге жуық қонақ шақырған. Жиналғандар санитария нормаларын сақтамаған.

"Үй иесіне қатысты ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жиналған материал облыстық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілді", - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Айта кетейік, қазіргі уақытта өңірде 128 мониторинг тобы жұмыс істеп жүр. Олардың құрамына полиция қызметкері, жергілікті атқарушы орган өкілі және Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары кіреді.

Еске салсақ, күні кеше Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың екінші толқыны басталмағанын мәлімдеді.

"Жалпы, бүгінде дүниежүзі бойынша екінші толқын басталды деп хабарлап жатыр. Бізде соңғы екі аптада індетке шалдығу көрсеткіші жоғарылады. Мысалы, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарында науқастардың саны өсіп келеді. Ал қалған өңірлерде эпидемиологиялық жағдай әзірше тұрақты", - деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884511-sko-trgyny-karantin-sekteuine-karamastan-kyz-zatu-tojyn-tkizgen/