Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"20 минутта 9 сиыр сауамын": Көпбалалы ана ауылда отырып, табысты болудың құпиясымен бөлісті

Опубликовано:

Гүлзат Шахметова
Гүлзат Шахметова ата-енесімен балаларымен: NUR.KZ

Ақтөбелік көпбалалы ана Гүлзат Шахметова ауылда отырып, кәсіптің көзін тапқан. Сүтін сауып, майын шайқап, атасы мен енесінің де көңілін тауып жүрген келіншекке ел батасын беріп жүр деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Төрт баланың анасы Гүлзат Шахметова 34 жаста. Ол Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы Талдысай ауылында тұрады. Келіншектің қолынан шыққан қазақтың табиғи өніміне сұраныс жоғары.

Гүлзаттың құрттарын ауыл мен аудан халқы ғана емес, Ақтөбе қаласынан және Атырау облысынан арнайы тапсырыс беріп алдыртатындар бар. Ауылда туып-өскен келіншекке ауыл өмірі таңсық емес.

"Бәрі де бала кезден жасап жүрген жұмыс. 5-сынып оқып жүргеннен бастап анама көмектесіп, құрт жасайтын едік. Тұрмысқа шыққаннан кейін бұл жұмыстар қиын болған жоқ. 9 сиырды 15-20 минутта сауып, 30-35 литр сүт аламын. Қазір жайлап суалып жатыр. Сүтті тартамыз, құрт дайындаймыз. Тек ірімшік жасауды енемнен үйрендім. Енем көмектеседі. Әйтпесе, баламен бәріне үлгеру қиын.

Екеулеп құрт, май, сүзбе сарысу, ірімшік жасаймыз. Өнімді ауылдағылар да алады, қалаға да сатамын. Ауданда апаратын дүкендерім бар. Тапсырыс болса Атырауға да жіберемін. Қазір індет кезінде құртқа, табиғи өнімге сұраныс көп болып кетті. Жасап үлгермей жатамыз",- дейді Гүлзат Шахметова.

15 жылдан бері келіндік тәжірибесі бар келіншек шағын кәсіпкер. 2018 жылы "Бастау Бизнес" жобасы арқылы курс оқып, "Даму" қоры арқылы 3 миллион теңге көлемінде несие алады. Соған 10 сиыр, жем-шөбін алып, неиені де ағарғаннан түскен табыспен жауып отыр. Шаруаны үйлестіріп отырған еңбекқор келінге енесі де риза.

Жамал
Гүлзаттың енесі Жамал Шахметова. : NUR.KZ

"Келінім ауылдың баласы, Келген бойдан отын жағып, шаруасын жасап кетті. Тізе бүгетін уақыты жоқ. Кезінде 10 шақты малымыз бруцеллезге шалдығып, аздап күйсізденіп қалған едік. Келінім мемлекеттің оқуын оқып, берген ақшаларына мал алды. Шаруасына шапқылап жүр. Шалымыз екеуміз әліміз келгенше жәрдем береміз.

Балалардан аяйтынымыз жоқ. Алла тек берекетін берсін. Бес бала өсірдім: үш қыз, екі ұлым бар. Балаларымның бәрі аяққа тұрды. Қолымда кенжем, ол вахтада жұмыс істейді. Осының тілегін тілеп отырамын. Қарап отырмай, ұршық иіремін. Тоқыма тоқимын. Жаман кемпір болсам да әйел істейтін шаруаның бәрін істеймін. Алла тек елімізге амандық берсін",- дейді Жамал Шахметова анамыз.

Ауылдастарының мақтанышы Гүлзат Шахметова болашақта мал басын көбейтіп, қазақтың ұлттық тағамдарын көберек жасауды ойлап жүр.

Айта кетейік, бұған дейін БҚО-да құрт сатып, үй салып алған отбасы жайлы хабарлаған едік.

Сонымен қатар Ақтөбеде 8-сынып оқушысы Ақпейіл Сағи шеберлігінің арқасында айына 100 мың теңге табыс тауып отырғанын жазған болатынбыз.

Дарынды балаларға арналған интернаттың үздік оқушысы қуыршақ тоқып, әлеуметтік желі арқылы сатуға шығарады. Түстерді ерекше үйлесімділікпен пайдаланатын жас шебер болашақта дизайнер болуды армандайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885082-20-minutta-9-siyr-sauamyn-auylda-otyryp-ksipti-kzin-tapkan-kelinsek-tabysty-boludy-kpiasymen-blisti/

pixel