RU

Жүздеген жетімге жанұя тауып берген белгілі журналист енді өзі көмекке мұқтаж

Марианна
Марианна Гуринан. Фото: pana-defenders.info

Алматылық белгілі журналист әрі құқық қорғаушы Марианна Гурина қатерлі ісік дертімен күресіп жатыр. Ғасыр індетіне айналған диагноз оған 2 апта бұрын ғана қойылған. Ісік Марианның сол жақ сүт безінде пайда болыпты. Енді науқасқа шұғыл түрде ем қажет деп хабарлайды КТК арнасы.

2 апта бұрын қойылған диагноз Марианна мен туыстарының төбесінен жай түсіргендей болыпты. Өйткені ол бұған дейін "ауырдым" деп айтпаған. Тек қызы анасының соңғы кездері тез шаршап қалатынын айтады. Мұны олар тығыз жұмыс кестесімен байланыстырған.

Сол кезде де Марианна Шығыс Қазақстан облысында іссапармен жүрген екен. Кенет ауруханадан қоңырау шалып, шақыртыпты. Кейін дәрігердің өзі үйге келіп, диагнозын айтқан көрінеді.

"Дәрігер үйге келіп, жағдайдың нашар екенін айтты. Анамның бүкіл ағзасына метастаза тарап кеткенін жеткізді. Яғни қатерлі ісіктің төртінші сатысы деген диагноз қойды. Аурудың асқынғаны сонша, өкпесі мен бауыры зақымданған. Сондықтан оны Түркияда емдетуді ұсынды", - дейді Марианна Гуринаның қызы Анастасия Назина.

Содан бері отбасы күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған. Дегенмен еліміздің бас онкологы Марианнаны Қазақстанда емдеуге болатынын жеткізіпті.

Талайға қол ұшын созып үйренген журналистің өзі дендеген дерті туралы көпшіліктің білгенін қаламаған. Өйткені ол өзінен гөрі өзге науқастарды көбірек ойлайды.

"Маған ыңғайсыз. Өйткені қаншама ауру бала бар. Олар көмекке әлдеқайда мұқтаж. Әрқашан солардың жазылып кетуін тілеймін", - дейді Марианна Гурина.

Айта кетейік, Марианна Гурина КТК-да 16 жыл қызмет еткен. Арнадан көрсетілген "Дорога домой" бағдарламасының авторы. Ол 400-ден астам жетім балаға жаңа жанұя тауып берген. Кейін қоғамдық қор ашып, аналардың құқығын қорғаумен айналысқан. Осындай қатерлі дертпен күрескен балаларға қаржылай көмек те жинаған. Жақсылық жасап үйренген жан қазір де тек жақсылыққа сенеді.

"Бәрі жақсы болатынына сенемін. Шынымды айтсам, мен онкологиялық ауруға шалдығамын деп ешқашан ойламаппын. Жаны ашып, қолдап жатқан адамдарға алғысым шексіз. Мен тірі қалуға тиіспін", - дейді Марианна.

Енді бүгіннен бастап науқасқа химиотерапия жасалады. Қазақстанда жасалған ем-дом оң нәтиже берсе, отбасы қаржылай көмек жинауды тоқтатпақ. Сөйтіп, қайырымдылық жасап үйренген әйел жиналған ақшаны ауру балалардың еміне аудармақ ниетте.

Дереккөз КТК арнасы

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың облыс әкімнен көмек сұрағанын хабарлаған едік.

Айтуларынша, онкологиялық ауруханадағы сырқаттарын жеңілдететін аппарат екі ай бұрын істен шыққан. Салдарынан қатерлі дерттің қауіпті дережесінде ем алып жатқандар екі айдан бері азап шегуде.

Сонымен қатар қатерлі ісіктің алдын алуға көмектесетін пайдалы өнімдер туралы да жазған болатынбыз.

Мамандардың айтуынша, сарымсақ, бразилиялық жаңғақ және брокколи ағзаны қатерлі ісіктен қорғайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885169-zzdegen-zetimge-zana-tauyp-bergen-belgili-zurnalist-endi-zi-kmekke-mktaz/