RU

4 айдан бері жалақысын ала алмай жүрген павлодарлық жұмысшылар аштық жариялады

Жұмысшылар
Скриншот: "Астана"

Павлодар облысында төрт айлық жалақыларын даулап жүрген жұмысшылар аштық жариялауды бастады деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Шамамен 40-тан астам жұмысшы Майқайың кентінің әкімдігі алдына келіп, жергілікті атқамінерлер мердігерден жалақымызды алып берсін деген талап қойды.

Ішерге асы, киерге киімі қалмаған жұмысшылар аштық жариялаудан басқа амалы қалмағандарын айтуда. Олар жалақы берілмесе, әкімдікте қонуға бел буып отыр.

"Халыққа жылуды бердік. Жылуды бергеннен кейін ақшамызды ала алмай жүргенімізге міне 4 ай болды. Гарант болған әкімдеріміз мердігерге сілтейді. Мердігеріміз әкімдерге сілтейді. Екі ортада біз ақшамызды ала алмай жүрміз", - дейді жұмысшы Данияр Омаров.

Жаз бойы Майқайың кентіне жылу құбырын тартқан жұмысшыларға қарағандылық компания алғашқы айда аванс беріп, артынша бір тиын да төлемеген екен. Ал аудан әкімі болса, жалақыны алып беруге уәде еткен көрінеді. Жалақысын даулап жүргендер арасында кәмелет жасына толмағандар да бар.

"Жұмысқа шығыңдар. Сендерге уақытында төлейміз. Күнде ертең, ертең деп жүрді. Соларға сеніп жұмыс істеп жүрдік. Студенттерден 30 шақты бала шығады бізден. Көбісінде 18 жас жоқ, 16-17", - дейді жұмысшы Бауыржан Қабдолов.

Кентте жылу құбырын ауыстыру жұмыстары кеш басталғанына қарамастан, жылуды уақытылы беру үшін барын салған жұмысшылардың еңбегін ауыл тұрғындары да растап отыр.

"Олар күні-түні жұмыс істеді. Соның арқасында жылу уақытылы берілді. Қазір үйіміз жылы. Егер осы жігіттер жұмысты жарты жолдан тастап кеткенде, қазір жылусыз отырар едік. Сондықтан, жігіттердің еңбекақысын беруді талап етемін", - дейді Майқайың кентінің тұрғыны Любовь Воеводина.

Аудан әкімі болса, мердігерді таба алмай жатқанын айтады.

"Мердігер келмей тұр ғой. Келіңіздер, істеген жұмыстарыңызды көрсетіңіздер. Содан кейін қаражатын төлеп берейік. Заңды түрде бәрін есептейік дедім. Міне, 1 ай болды. Күнде, күнде телефонмен сөйлесемін. Әне келемін, міне келемін деп жүр", - дейді Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов.

Мердігер компания өкілі болса, жұмысшыларға төленетін қаражатты учаске бастығы алып, қашып жүргенін алға тартуда.

"Қазір участок бастығына іздеу жариялап жатырмыз. Әзірге таппадық. Ол Майқайыңдағы жұмысшылармен келіскен. Бірақ, ешқайсымен келісімшарт жасаспаған. Сол себептен, өзіміз де қазір қарызға батып отырмыз. Сондықтан, нақты ештеңе айта алмаймын. Участок бастығын сотқа бердім. Сот алдымен оны тауып алсын, сосын көреміз", - дейді мердігер Хасан Арсельгов.

Ө. Қуанар

Еске салсақ, бұған дейін елордада фельдшерлер мен жедел жәрдем жүргізушілері үстемақы ала алмай жүргенін жазған едік.

Одан бөлек, батпаққа белшесінен батқан шымкенттіктер жанайқайын жеткізгенін жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885181-4-ajdan-beri-zalakysyn-ala-almaj-zrgen-pavlodarlyk-zmyssylar-astyk-zarialady/