Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мұхамеджан Тазабеков: Қонаев атамыз мені айтулы тұлғаларға табыстап кетті

Жарияланған күні:

Мұхамеджан Тазабек
Фото: asylarna.kz

Жақында жабылуы тиіс Асыл арна Мұхамеджан Тазабеков туралы деректі фильм түсірді. «Қазақтың Мұхамеджаны» деп аталатын фильм айтыскердің балалық шағынан бастап, айтыс сахнасындағы жұлдызды жылдарына дейінгі өмірбаянын қамтиды. Туындыда Мұхамеджан Тазабековтың ұстаздары мен танымал замандастары бой көрсеткен. Айтыскер оқушы кезінде Дінмұхамед Қонаевтың үйіне қонған күнін тарқатып айтып берді. KAZ.NUR.KZ порталы фильмнің маңызды тұстарын шолып өтті.

Бір сағатқа созылған портреттік телеочеркте Мұхамеджан Тазабеков туған ауылы мен өскен ортасы туралы бірінші жақта әңгімелеп берді. Сюжетте әкесінен 4 жасында айырылғаны, анасының әмеңгерлікпен тұрмысқа шыққаны туралы да айтылған.

«Әкем 29 жасында науқас болып қайтыс болды. Әкемнің мені желкесіне мінгізіп алып жүретіні еміс-еміс есімде. Ол кісінің маған жасаған ең үлкен жақсылығы маған жақсы ана таңдап беріп кеткені. Күлбибі Сағындыққызы текті жердің қызы. Тұяқтары ағайынынан ажырамасын деп, әкемнің інісіне әмеңгерлікпен тұрмысқа шыққан. Бұл өте дұрыс тарихи шешім болған ғой. Себебі анамыз балаларының тағдырын ойлап, "ағайынның ортасында болсын, ұзап кетпесін, маған күйеу табылар, бірақ балалаларыма ағайын табылар ма", деп, сол кездегі ақсақалдардың шешіміне бойұсынған. Менің туған әкемнен кейінгі әкем - қанаттыға қаққызған жоқ, тұмсықтыға шоқытқан жоқ. Бізді асырады, бақты, жағдайымызды жасады. Осы күнге жеттік, Аллаға шүкір.

Анам ауылдың кітапханашысы еді. Мектептен қолым босай қалған кезде анамның жанына баратынмын, ойнап жүріп кітап оқитынмын. Сол кітапханадағы талай кітаптың ақырына жеттім. Менің руханиятымның іргесі сол кітапханада қаланды», - дейді ол өзінің балалық шағын еске алып.

Айтыскердің айтуынша, ол өлеңді 6-сынып оқып жүргенде жасырып жаза бастаған. Сюжетте домбыраны қиын үйренгенін еске алады.

Мұхамеджан Тазабековтың сөзінше, ол 6-7 сынып оқып жүргенде ауылында тарихи жағдай орын алған.

«Мен алты-жеті оқып жүргенде біздің ауылға Қонаевтың жақын туысы болып келетін Берден Байқошқаров деген кісі совхоз директоры болып тағайындалды. Ол кісі - қазір белгілі репродуктолог Салтанат Байқошқарованың әкесі. Сондай кесек тұлға болатын. Талантты жастарды жазбай танып, қолдап жүретін. Ауылдағы ең алғашқы наурыз тойындағы айтыстан бастап Берден ағамыз мені қасынан тастаған жоқ», - дейді ол.

Айтыскер ақын Дінмұхамед Қонаевпен кездесуі жайлы тарқатып айтып берді. Елдің сол кездегі бірінші басшысымен танысуына совхоз директорының ықпалы болыпты.

«Ауылдан Алматыға автобуспен бір топ адам шықтық. Қонаев ақсақалға амандасу үшін бардық. Алматыға жете сала түнімен арнау дайындадым. Ол кісі мені ұнатып қалды. Содан өте жиі араласып кеттік, тіптен сол үйде қона жатып Димаш атамыздың тәрбиесін алуыма мүмкіншіліктер туды.

Димаш атамыз, жасыратыны жоқ, батасын ғана беріп қоймай, қазақтың менмін деген тұлғаларына мені табыстап кетті. Айтулы, қадау-қадау азаматтарға мені қолдап жүруін аманаттады. Кейін расында да Мырзатай Жолдасбеков, Жаңғара Дәдебаев секілді үлкен ағаларымыздың қамқорлығын көрдік», - деп есіне алады сол кезді айтыскер.

Фильмде Мұхамеджан Тазабековтың айтыскерлік өнерін Жүрсін Ерман, Аманжол Әлтаев, Шорабек Айдаров, Бекболат Тілеуханов, Айтмұхамбет Исақов, Балғынбек Имашев сынды тұлғалар сөз етті.

Айта кетейік, бұдан бұрын Мұхамеджан Тазабековтің алғаш рет ұстанған ақидасына қатысты сұраққа жауап бергені туралы жазғанбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885293-mhamedzan-tazabekov-konaev-atamyz-meni-ajtuly-tlgalarga-tabystap-ketti/