Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қорқамын": 33 жастағы Алматы тұрғыны әлі күнге үйленбей жүргенінің сырын ашты

Жарияланған күні:

Алматы тұрғыны үйленуден қорқады
Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстанда соңғы жылдары некеге тұрып жатқандардың негізгі үлесі 24-29 жастағылар. Ұлттық статистика бюросы таратқан мәліметке сай, елімізде ер азаматтар орта есеппен 27 жаста үйленеді. Алматылық Манас ел арасында сүр бойдақ атанып кеткен жігіттердің бірі. Биыл 33-ке келген бойдақ жігіт неліктен әлі күнге үйленбей жүргенінен сыр шертті. Ол өз бойындағы бар қорқынышын жеткізіп, психологтан көмек сұрады деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.

Манастың айтуынша, оның маңайында сөйлесетін қыздар көп. Мамандығы мұғалім болғандықтан араласатын ортасы да қыз-келіншектер.

"Осы жасқа дейін не тындырып жүрсің? Қызбен сөйлесе алмайсыңба? Қыз көп қой, соның бірін неге әкеле салмайсың? Сүр бойдақ! деген сөздерге етім үйреніп кетті. Осы жаздан қалмай бір басың екеу болсын деген тілектен мезі болдым. Әрине жақсы ғой, бірақ дастархан басында үйде де, түзде де осы сөздерді ести-ести шаршадым. Сіздер мені бойдақтыққа үйреніп алып, рахат өмір кешіп жүр деп ойласаңыздар қателесесіздер", - дейді ол.

Манастың Алматыда мемлекеттік бағдарламамен алған екі бөлмелі пәтері бар екен. Астында көлігі жоқ демесе, мамандығы бойынша жұмыс істеп, тәп-тәуір жалақы алады.

"Үйленгім келеді. Бірақ қорқынышым бар. Мен жолап кеткен қыздардың бәрі басында керемет, соңында өтірігі шығып қалады. Осымен екінші рет бір күйеуден ажырасқан, баласын ата-анасына беріп, жалғыз өмір сүріп жүрген келіншектерге тап болдым. Онысын артынан білдім. Содан соң тым жас, ақыл тоқтатпаған қыздармен сөйлесіп көрдім. Кейін ондай қыздан қандай әйел шығатынын білмеймін. Өзіме емес, үйіме, жағдайыма қызығып үйленіп, кейін ажырасып кете ме деп қорқамын. Алматыда қанша жыл еңбектеніп, пәтерге ие болдым. Енді сол үйдің сәнін кіргізетін жар тапсам екен", - дейді ол жан сырын ақтарып.

Манастың жағдайына белгілі психолог Ержан Мырзабаев маман ретінде пікір білдірді.

"Бұл жігіт жастайынан айналасындағы жақын таныстары, туыстарынан әйелдің дұрыс емес, әр түрлі қате моделін көріп өскен болар. Оның санасында осындай стереотип қалыптасып қалған. Бәлкім анасы немесе әпкесі жастайынан "әйелдер қу, алдап кетеді", немесе "қазіргі жағдайында"үйіңнен айырылып қалма" деп құлағына сіңіріп отырған.

Ол әйелдің бәрін сол модельге салып өлшейді. Әйелдер әр түрлі болатынын ойламайды. Мұндай жағдайда ол әйелдерді қаншалықты ашық, таза деп ойласа, оған сондай әйелдер жолығатынын айтқым келеді. Ойындағы жаман әйел туралы стереотиптерден арылу керек.

Үйлену қашан да тәуекелді талап ететінін білу керек. Мәселе отбасында проблеманың туындауында емес, қиыншылық барлық отбасында болады, оны ерлі-зайыптылардың қаншалықты шеше алатындарында. Әдетте таңдап жүргендер жаманға тап болады. Сондықтан қорықпай батыл қадам жасау маңызды", - дейді отбасылық психолог.

Бұдан бұрын біз қазақ журналисінің ерлер психикасына алаңдаушылық білдіргенін хабарлаған едік. Оның айтуынша қоғамда әйелдермен қатар ерлер де қорғансыз. Олардың психологиялық мәселесі бізде көтеріле бермейді. Біздің салт-санада еркектерден мықты болуды, эмоциясын білдірмеуді талап етеді.

Одан бөлек, Ақтөбе тұрғынының апалы-сіңлілі әйелдерге алданып, ай-күннің аманында 2 миллион теңгеге жуық ақшасынан айырылып қалғанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886028-korkamyn-33-zastagy-almaty-trgyny-li-knge-jlenbej-zrgenini-syryn-asty/