"Ақша сұрайтын жігіттер көп": Бойжеткеннің ғаламтордағы махаббаты қалай аяқталды
Жарияланған күні:
Алматылық Айдана есімді бойжеткен интернет арқылы танысып, кейін ақша сұрайтын жігіттердің көбейгенін айтып, дабыл қақты. Ер жігіттердің дәл бұлай ұсақталғанына ашынған ол KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, өз басынан өткен оқиғаны баяндап берді.
"Бүгінде жігіттермен танысу әлдеқайда жеңілірек. Әлеуметтік желі бар, танысу сайттары бар. Жақында желі арқылы бір жігітпен таныстым. Сөзі де, өзі де түзу секілді көрінді. Тіпті, бір мөлтекауданда тұрады екенбіз. Үйіміз де жақын. Әлеуметтік желі арқылы танысқан соң, көкейде бәрібір күдік тұрады ғой. Ол күндіз-түні жазып, жағдайымды сұрап, өз өмірі туралы сыр шертсе де, кездесуге асыққан жоқ. Мен де оны уақыт өткізетін ермек ретінде қарап, жазғанына жауап қатып жүрдім. Үйіміз жақын болса да, бір кездескісі келмейтіні күмәнді еді. Десе де, ол жігітті жамандыққа қимай, сөйлесіп жүре бердім", - дейді Айдана.
Осылайша, Айдана мен әлгі жігіттің хат жазысып жүргеніне бір айға жуықтайды. Бірде интернеттегі танысы хабарласып, анасының аяқ астынан қайтыс болғанын айтады.
"Жұмыс күнім басталған бойда, виртуалды танысымнан хат келді. Бұл жолы суыт хабар жеткізіпті. Айтуынша, анасы қайтыс болған. Әрине, басында көңілім құлазыды. Дереу көңіл айтып, жұбатуға тырыстым. Сол аралықта бұл оқиғаны қасымдағы әріптес қызға айтып ем. Әріптесім: "Күте тұр, қазір ақша сұрайды", - деп қойып қалды.
"Алғашында сенбеген ем. Көп уақыт өтпей, әлгі жігіт телефон шалып, анасын мәйітханадан алып кету үшін 8 мың теңге жетпей тұрғанын айтты. Жалынып ақша сұрай бастады. Сол бойда тұтқаны тастап, оны барлық жерден бұғаттап тастадым. Кейін әріптесім дәл осындай әдіспен ақша сұрайтын алаяқ жігіттердің көп екенін, өзінің басынан да талай оқиға өткенін айтты. Расында, көрмей-білмей, кездесуге шақырмай, қыздардың сеніміне кіріп, кейін осылай ақша сұрайтын жігіттер көп екен. Бұл өкінішті, әрине. Сондықтан, барша қыздарға интернет арқылы танысарда абай болыңыздар дегім келеді", - дейді ол.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ғаламтор арқылы түстенетін жер іздеген келіншектің күйеуінің көзіне шөп салып жүргенін біліп қойғанын жазған едік.
Сондай-ақ бұған дейін күйеуінің опасыздығын біліп қойған келіншектің одан ерекше тәсілмен кек алғанын хабарлаған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886116-aksa-srajtyn-zigitter-kp-bojzetkenni-galamtordagy-mahabbaty-kalaj-aaktaldy/