Ақтөбеде дау болған шошқа фермасының иесі Армениядан сәлемін жеткізді
Жарияланған күні:
Ақтөбеде дауға айналған шошқа фермасының қожайыны Гайк Тертерян Армениядан видео үндеу жолдап, қожалығының төңірегінде болып жатқан шуға қатысты пікір білдірді. Екі ай бұрын Арменияға сапармен кеткен кәсіпкер әуе қатынасының жоқтығынан елге орала алмай отыр деп хабарлайды 31 арна.
Үндеуінде Гайк Тертерян ақтөбеліктер жабылуын талап етке шошқа фермасының заманауи техникамен жабдықталғанын, ал жылына Алға ауданының бюджетіне миллиондап салық құйып отырғанын атап өтті.
Кәсіпкер үкімет тұрғындар талабын орындау үшін Бестамақтағы шошқа фермасын жабу туралы шешім шығарса, қарсылық танытпайтынын да айта кеткен.
Телеарна мәліметінше, қазіргі уақытта Ақтөбенің билігі кәсіпкерге екі: ферманы толық жабу немесе шошқа орнына басқа мал өсіру туралы талап қойған.
Дегенмен Гайк Тертерян торайларды жаппай қыру қауіпті екенін айтады.
"Үкімет ферманы қазір жап десе жауып тастаймын. Бірақ ол тез шешілетін шаруа емес. Уақыт керек. Екі жыл әлі несие төлеуіміз қажет. Су мен жем бермей бүгін-ертең қырып таста десе, артынша індет тарауы мүмкін. Ол да қауіпті", - дейді "Парижская коммуна" ЖШС құрылтайшысы Гайк Тертерян.
Айта кетейік, Ақтөбе облысындағы бұл қожалыққа қатысты наразылық бірнеше күнге жалғасқан болатын.
Кейін өңір әкімі Оңдасын Оразалин әлеуметтік желідегі парақшасында аталған жағдайға қатысты пікір білдіріп, шаруашылықтың жұмысын арнайы құрылған комиссия тексеретінін мәлім еткен еді.
Шошқа шаруашылығына қатысты шешім комиссияның тексерісінен кейін қабылданбақ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886135-dau-usykkan-aktbedegi-soska-fermasyny-iesi-armeniadan-slemin-zetkizdi/