Ақтөбе облысының тұрғындары шошқа фермасын жабуды талап етті (видео)
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысының тұрғындары шошқа фермасын жабуды талап етуде. Айтуларынша ауыл маңына қоныс тепкен доңыздар, халықты әбден мезі еткен. Айнала тезекке толған. Ал қолқаны қабатын жағымсыз иіс қар жауса да басылмай тұр деп хабарлайды Астана арнасы.
Бастамақ ауылының тұрғындары 12 жылдан бері жанайқайларына құлақ асар жан табылмағанына наразы. Тұрғындар әу баста кәсіпкердің бұл жерге түйеқұс өсіремін деп рұқсат алғанын айтады.
"Түйеқұс ұстаймыз деді. Оның аяғы не болып кетті. Бір емес екі емес 26 баз бар. Бір базда мыңдаған шошқа бар. Жалғыз біз ғана емес Бесқопа, Қарағаш, Алғаға дейін тіпті иіс деген мүмкін емес", - дейді Бестамақ ауылының тұрғыны Ерболат Кенетаев.
Бестамақ ауылының тағы бір тұрғыны Гүлнәр Айтжанова иістің әсерінен далаға не терезе аша алмайтынын не кір жая алмайтынын айтады.
Көпшіліктің сөзінше, 40 мың шошқа өсіретін үлкен ферма, күн сайын 280 жануарды етке өткізу үшін бауыздайды. Ал оның зардабы ұшан-теңіз дейді.
"Мешіт бар, медресе бар. Жабу керек. Суға құйып жатыр қалдықтарды, нәжістің барлығын. Қырылды балықтың барлығы. Мұны малда, адамда ішіп жатыр", - дейді Бестамақ ауылының тұрғыны Мақсат Жолдыбаев.
Ал басы дауға қалған кәсіпкер, соңғы кезде қалдықтарды жерге көміп жүргендерін мойындап отыр. Соңғы 20 күнде алты мың тоннадай өндірістік қалдықты көміпті. Бұған себеп арнайы қосалқы бөлшектердің дер кезінде жеткізілмеуі екен.
Аудан әкімі де жағдайдан хабардар болып шықты. Ол арнайы комиссия барлығын тексеретінін айтты.
"Біраз кемшіліктер анықталды. Арнайы келген комиссия кемшіліктерді тексереді. Содан кейін қорытындысы бойынша іс сотқа беріледі. Соттың шешімімен ғана мекемені тоқтатуға болады", - дейді Алға ауданының әкімі Мамырғалы Аққағазов.
Б. Рахметова
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысында бірнеше жыл бойына қылмыс тіркелмеген, үйленген жастары ажыраспайтын ауыл туралы жазған едік.
Сонымен қатар ауылда отырып, кәсіптің көзін тапқан ақтөбелік көпбалалы ана Гүлзат Шахметова жайлы жазған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885571-aktbe-oblysyny-trgyndary-soska-fermasyn-zabudy-talap-etti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.