Атырауда құстардың неден қырылғаны анықталды
Жарияланған күні:
Атыраудағы "Ақ Жайық" табиғи мемлекеттік резерватында құстардың неден қырылғаны белгілі болды деп хабарлайды КТК арнасы.
Аталмыш өңірде құстардың қырылуына жұқпалы пастереллез себеп болған екен. Нұр-Сұлтан қаласында жасалған сараптама қорытындысы осындай нәтиже көрсеткен.
Дегенмен құстардың дертті қайдан жұқтырып алғаны белгісіз күйде қалып отыр. Себебі, судан, топырақтан және балықтан алынған сынама қорытындысы бойынша қанаттылардың пастереллезді өзге жерден жұқтырғанын белгілі болған.
"Бұл құстар үй құсы емес, жабайы құстар. Олар Каспий теңізінен келіп, ұя, балапан салатын құстар. Көктемде келіп, күзде қайта ұшады. Құстың дертті жұқтыру көзі белгісіз болғандықтан, әрі қарай тағы зерттеледі", - дейді Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Арман Молдашев.
Каспий теңізінің жағасында жабайы құстар осыдан үш апта бұрын қырыла бастаған. Бүгінгі күнге дейін суқұзғындар мен шағалалардың 150-ден астамы өліп кетіпті.
Құстардың пастереллез дертінен қырылғанын естіген жергілікті тұрғындар үрейленіп отыр. Себебі, аталмыш дерт жан-жанаурлардан адамға да жұғуы мүмкін. Мамандар болса, қауіпті инфекцияның тұрғындарға тигізер зиянын дереу анықтауға кіріскен.
Еске салсақ, бұған дейін Экология министрі елімізде ауасы қатты ластанған 10 қаланы атағанын жазған едік.
Одан бөлек, Атырау облысында белгісіз індеттен мал қырылып жатқанын жазған болатынбыз. Малы қырылған жұрт өтемақыны кімнен дауларын білмей отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886307-atyrauda-kstardy-neden-kyrylgany-anyktaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.