RU

Тоқаев коронадағдарыс туралы: Қазақстанда жеткілікті қор бар

Тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан "Нұр Отан" партиясының ХХ съезінде сөз сөйледі. Ол пандемияға байланысты қазіргі экономикалық дағдарыс көптеген елдерге әсер еткенін, бірақ Қазақстанда қажетті қор бар екенін жеткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Мемлекет басшысы партия съезінде сөйлеген сөзінде өткен ғасырдағы терең рецессия әлемдік экономиканы ондаған жылға құлдыратқанын еске салды.

"Бұрынғы өсу қарқыны мен теңгерімді дамуды қалпына келтіру үшін үлкен күш пен уақыт қажет. Көптеген елдер қиын жағдайға тап болды. Қазақстанның беріктік қоры бар, ең алдымен, бізде нақты әзірленген даму жоспары бар, ол қаржы ресурстарымен нығайтылған», — деп атап өтті Қазақстан президенті.

Ол жаһандық дағдарыс кезінде ел аманатына ерекше көңіл бөлу керектігін баса айтты.

"Бүкіл әлемге тараған пандемия Қазақстанға да оңай тиген жоқ. Мемлекет азаматтарымыздың денсаулығын қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр",- деді Тоқаев.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы партия тарапынан халыққа ұдайы қолдау көрсетіліп келе жатқанын тілге тиек етті. Оның сөзінше, партия белсенділері және еріктілері мұқтаж жандардан көмегін аямаған.

"Осындай нақты жұмыс пен жанашырлық береке-бірлігімізді арттыра түседі. Қазақстан қазіргі ахуалға қарамастан стратегиялық даму мақсаттарын дәйекті түрде іске асырады. Бұл ретте Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз ету негізгі міндеттің бірі. Мен биылғы Жолдауымда партияның қоғамдағы жетекші рөлі туралы айттым. Біз реформаларды жүзеге асыру барысында «Nur Otan» партиясының зор әлеуетіне сүйенеміз",- деді ел президенті.

Еске сала кетсек, осыған дейін Нұр-Сұлтанда Елбасының қатысуымен Nur Otan партиясының съезі басталғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886374-tokaev-koronadagdarys-turaly-kazakstanda-zetkilikti-kor-bar/