Қазақстанда интернетке тәуелді жастардың қатары күрт көбейген
Жарияланған күні:
Бүгінде интернетке тәуелді жастардың қатары артқан. Әсіресе, мектеп оқушыларының ғаламтормен шектен тыс әуестенуі мамандарды алаңдатып отыр деп жазады Таразы ақпарат агенттігі.
Осыған байланысты, «Жас ұлан» республикалық ұйымы интернетке тәуелділіктің алдын алу мақсатында «ReStart» жобасын қолға алды.
Жоба аясында жастар мен балалардың интернетке тәуелділігін анықтау әдістемесін әзірлеп, түрлі тақырыптар бойынша талдау жұмыстарын жүргізу үшін сарапшылар пулы құрылды.
28 шілде және 7 тамыз аралығында тәжірибелі сарапшылар, педагог-психологтер, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар өкілдері, жастар мен жасөспірімдер және ата-аналардың қатысуымен қоғамда интернетке тәуелділіктің туындау себептері мен алдын алу мәселелерін талқылау мақсатында 4 онлайн-кездесу өтті.
Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесе отырып, мектеп психологтері мен әдіскерлеріне арнап оқыту семинарын өткізді. Аталған шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 7647 мектеп психологі мен әдіскері қатысып, аталған бағыт бойынша біліктіліктерін арттырды.
Бұл ретте көп уақытын онлайн өткізетін жастар да назардан тыс қалған жоқ. Оларға арналған медиа сауаттылық курстары 7 қыркүйек пен 2 қазан аралығында ұйымдастырылды. Қазақстанның IT саласындағы беделді оқу орны – Халықаралық IT университетінің тәжірибелі мамандары қатысушыларға интернет, телефон, әлеуметтік желі, жалған ақпарат, киберқауіпсіздік тақырыптарында 40 сағат дәріс оқып, тәжірибелік сабақтар жүргізді. Онлайн курсқа барлығы 900-ге жуық студент қатысты.
Менторлардың қолдауы, Оффлайн өмір, фотокөрме, мемдерді әзірлеу, медиасауаттылық бойынша «True or False» республикалық чемпионаты, Азаматтардың цифрлық беделін қорғау, ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша қауырт желі, «Ана мен бала» республикалық онлайн лагері және тағы басқа шаралар осы жоба аясында жүзеге асырылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886411-kazakstanda-internetke-tueldi-zastardy-katary-krt-kbejgen/