Алматы әкімдігі Sulpak ғимаратының алдына жаңадан 30 ағаш отырғызады
Жарияланған күні:
Оңтүстік астанада Төле би көшесінің бойында заңсыз түрде қырқылған ағаштардың орнына жаңадан 30 емен отырғызылады. Бұл іспен қалалық әкімшілік айналысатын болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
5 қараша күні оңтүстік астана әкімдігінің өкілдері мен қалалық құқық қорғау органының қызметкерлері онлайн-брифинг кезінде Төле би көшесінде орналасқан "Сулпак" сауда үйінің алдында заңсыз қырқылған ағаштар оқиғасына қатысты тергеу жұмыстары мен қабылданып жатқан шаралар жөнінде айтып берді.
Анықталғандай, кәсіпкерлер ағаштарды қырқу жөнінде қалалық әкімшілікке өтініш жазбаған.
Алматының жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская Ботаникалық бақ мамандарының мәліметтеріне сүйене отырып, аталған жерде қырқылған ағаштардың кейбірі аса сирек кездесетіндер санатына жататынын айтты.
"Мамандардың қорытындысы бойынша, қабыршақты емен Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Оның үстіне ағаштың бұл түрі елімізде жойылып кету алдында тұр. Бұл сирек кездесетін, реликті өсімдік. Осыған орай, әкімдік қылмыстық істі Қылмыстық Кодекстің 339 бабына ауыстыру жөнінде прокуратураға шағым түсірді ", - деді Ливинская.
Алматы полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Абдрахманов іске қатысты қылмыстық құқықбұзушылықтың құрамы ҚР ҚК 339 баптың екінші бөлігіне алмастырылғанын мәлімдеді.
"Қазіргі таңда, бұл іске қатысы бар адамдардың барлығы анықталуда. Басты фигурант анықталды. Ол ЖК директоры. Алматы тұрғыны болып шыққан әйел күдікті болып танылды. Оның іс-әрекеттері ҚР ҚК 339 бабына ауыстырылды. Іске қатысты мамандардың бірқатар зерттеулері тағайындалды.
Қылмыстық іс тергеу үстінде. Белгіленген жеке тұлғаның жауапкершілігімен қатар, "Сулпак" компаниясының жауапкершілігі қарастырылып жатыр. Себебі, аталған жер телімінің абаттандырылуына қатысты келісімшарт дәл сол компаниямен бекітілген", — деді Абдрахманов.
Қала прокурорының бірінші орынбасары Берік Адамов өз кезегінде, ағаштарды заңсыз қырқу орын алған жердегі тәртіпті тексеріп жүрген полицейлердің де іс-әрекеттері заңның сақталуына тексерілетінін мәлімдеді.
"Біз қала тұрғындарының желідегі наразылығын зерттеп, тексеріс бастадық. Онымен Алмалы ауданының прокуратурасы айналысып жатыр. Полицейлердің әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болдаы. Тексеріс нәтижесі бойынша полиция департаментіне ұйғарым жіберіледі" , - деп атап өтті Адамов.
Нәтижесінде, "Сулпак" сауда үйі алдындағы ағаштарды заңсыз қырқу оқиғасына қатысты іс "ауыр" бапқа ауыстырылды.
Ливинскаяның сөзінше, қырқырған ағаштардың орнына жаңадан 30 емен отырғызылатын болады.
Қаланың жасыл экономика басқармасының жетекшісі мегаполис әкімдігі шаһар тұрғындарының бар наразылығы орынды деп есептейтінін айтты. Анықталғандай, бұл жағдайға қатысты іс қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бақылауында тұр.
"Біз барша алматылықтарды табиғатты қорғау құрылымдарына Алматының жасыл қорын бақылауға көмектесуге шақырамыз" , - деді Ливинская.
Басқарма жетекшісі өзге кәсіпкерлерді болашақта мұндай заңбұзушылықтарды жасамауға шақырды.
Алматы қаласы бойынша жасыл экономика басқармасы келтірілген шығын мөлшері анықталған соң, қырқылған ағаштардың орнына жаңадан ағаш отырғызуды талап етеді. Жаңа ережелерге сәйкес, компания 260 ағаш отырғызып, оларды екі жыл бойы бағып қағу керек.
Сонымен қатар, Ливинскаяның айтуынша, осы жылдың 1 желтоқсанынан бастап, басқарма ағаштарды өздігінен қырқып жүрген компаниялардың рейтингісін сайтта жарияламақ.
Оған қоса, жыл соңына дейін Жасыл комиссия реформасы аяқталады. Оның ішіне қаланың қоғамдық кеңесінің мүшелері, белсенділер мен БАҚ өкілдері кірді.
Басқарма басшысының сөзінше, 26 қараша күні әкімдік қоғам өкілдері мен жанашыр тұрғындармен бірлесе отырып, Төле би көшесінің бойына ("Сулпак" сауда үйі де сол аумаққа кіреді) биіктігі 4 метрдей 30 шақты емен ағашын отырғызбақ. Бұл іс өтемақылық жұмыс көлеміне кірмейтін болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886509-almaty-kimdigi-sulpak-gimaratyny-aldyna-zaadan-30-agas-otyrgyzady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.