RU

Жамбылда 62 жастағы қойшыдан 15,5 келі марихуана табылды

Марихуана
Көрнекі фото: pixabay.com

Жамбыл облысында полицейлер 62 жастағы қойшыдан 15,5 келі марихуана тәркіледі деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жамбылдық полицейлер "Допинг" іс-шарасы барысында есірткі қылмысының 30 дерегін анықтады. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

"20 қарашада Ақыртөбе ауылының маңындағы жайылымда қой бағып жүрген Жамбыл облысының 62 жастағы тұрғыны ұсталды, одан 15 келі 500 грамм кептірілген марихуана табылып, тәркіленді. Бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті өз кінәсін мойындады және қамауға алынды", - делінген хабарламада.

Бұдан басқа Жамбыл облысында орналасқан 15 дәріхана, 18 дәрі қоймасы, 6 емдеу мекемесі, 3 өндірістік кәсіпорын тексерілген.

Полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан 2 келі гашиш, 22 келі марихуана, құрамында есірткі және психотроптық заттары бар 1 480 ампула тәркіледі.

Еске сала кетейік, Алматыда жасырын есірткі зертханасы анықталғанын хабарлаған едік.

Алматы қалалық полиция департаменті баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, арнайы жүргізілген операция барысында Абай даңғылының бойында "Hyundai" көлігі тоқтатылған. Көлікте екі ер адамның болғаны айтылды.

Тінту кезінде бір азаматтың қалтасынан "мефедрон" синтетикалық есірткі салынған орамалар табылған.

Айта кетейік, Түркістан облысының полицейлері шекарадан есірткі алып өтпек болған Өзбекстан Республикасының азаматын ұстаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886529-zambylda-62-zastagy-kojsydan-155-keli-marihuana-tabyldy/