RU

"Рөлде есінен танып қалған": Алматыда автобустың қатысуымен жаппай жол апаты болды

Жол апаты
Фото: SPUTNIK / СТРИНГЕР

Алматыда полиция қызметкерлері екі адам зардап шеккен жол-көлік оқиғасының мән-жайын тексеріп жатыр. Алдын ала ақпарат бойынша, жол апаты жүргізушілердің бірі есін жоғалтқан соң болған.

Қиылыста болған оқиға жайлы жол апатына қатысушылардың бірі айтып берді деп жазады Sputnik Қазақстан.

Азаматтың сөзінше, ол өз Renault Logan көлігімен Шевченко көшесінің бойымен батыс бағытта келе жатқан. Әуезов көшесімен қиылыста солға бұрылмақ болғанда оның көзі қарауытып, есінен танып қалған.

Басқарудан шыққан автокөлік бордюрге соғылып, артынша Ford Escape, кейін Chevrolet Tahoe көлігін соққан. Қатты соққыдан қиылыста бағдаршамның жасыл түсі жанғанын күтіп тұрған жол талғамайтын автокөлік бір метр артқа ұшып кетіп, қалалық бағыттағы №22 автобусқа соғылған.

Жол-көлік оқиғасының салдарынан екі адам - Renault Logan жолаушысы мен Chevrolet Tahoe жолаушысы зардап шеккен. Жедел жәрдем бригадасы дәрігерлері қарағаннан кейін қос жолаушы да түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.

Алматы полициясы жол апаты фактісі бойынша тергеу жұмыстарын бастады.

Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстауда ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар тас жолдарда бірнеше жол апаты болған еді.

Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғаларының көбі тіркелмеген. Себебі, көлік жүргізушілері құқық қорғау органдарына немесе медициналық мекемелерге жүгінбеген.

Ал осыған дейін Алматыда ірі жол апатынан төрт бала зардап шекті.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/1886687-rlde-esinen-tanyp-kalgan-almatyda-avtobusty-katysuymen-zappaj-zol-apaty-boldy/