Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұрып, шанышқы тыққан: Жетісайда екі бала туған анасынан қашып кетті

Опубликовано:

Балалар
Көрнекі фото: pixabay.com

Жетісайда екі бала өздерін ұрған туған анасынан қашып кетті. Жасөспірімдер таныстарынан көмек сұрап, ол дабыл қаққан. Әкімдік кәмелетке толмағандардың тағдырын шешу үшін комиссия құрған деп хабарлайды Otyrar.kz.

Түркістан облысының тұрғыны жалғыз өзі төрт баланы тәрбиелеп отыр. Отбасы танысының сөзінше, жасөспірімдердің анасы оларды үнемі мазақ еткен. Соңғы рет таяқ жеген соң ер бала мен қыз бала үйлерінен қашып, таныстарынан көмек сұрапты.

Келіншек арнайы видео түсіріп, олардың анасы балаларын қайыр тілетіп қоятынын хабарлаған.

Жасөспірім қыз денесінде көгерген іздерін көрсетіп, туған анасы өзіне алдымен шанышқы тығып, содан кейін қазанның қақпағымен ұрғанын айтты.

"Кеше олар сырт киімсіз, жалаңаяқ жүгіріп келді. Мен оларды тамақтандырдым. Бірер сағаттан соң аналары қолына таяқ алып келіп, оларды тағы ұрмақ болды. Балалар өтінген соң олар менде жоқ деп айттым. Олар өлтіріп қояды деп қорқады. Ол балаларды тамақтандырмайды, жәрдемақыны тек өзіне жұмсайды", - деді қала тұрғыны.

Әйелдің туған әпкесі де келіншектің балаларын ұратынын, тіпті полицияға өзі жүгінгенін айтты. Ал балалар болса үйде жиі жалғыз қалатындарын, үнемі қорлық көретіндерін мәлім етті.

"Ол менің құлағыма шанышқы тығып алды. Арқамда да жарақаттарым бар. Кеше таңертең ағам өзі тапқан 700 теңгеге алған шұжықты қайнатып жатқан кезде ол маған тап берді. Сөйтіп біз қашып кеттік", - деді қыз.

Ағасының айтуынша, жақында ғана ол ауыр қап арқалап, көлік жуып, 3,5 мың теңге тапқан. Жігіт ақша жинап, күртке алғысы келген. Алайда аналары оны тартып алып, жігітті ұрып тастаған.

"Біз сабақ оқымаймыз. Өйткені кішілерге қарап, соларды тамақтандырамыз. Өтінемін, көмектесіңіздер, анам өлтіремін деп үнемі қорқытады. Егер жыласақ, қаттырақ ұрады", - деді бала.

Әкімдік жағдайды анықтайтын комиссия құрды. Жетісай ауданы әкімінің орнбасары Ербол Жанғазиевтің айтуынша, үлкен балалар интернатта оқыған. Қазір оларды қайта ауыстыру жоспарланып отыр.

"Әйелмен байланысқан мұғалімдер оның психикалық ауытқушылығы бар деп болжайды. Полицейлер анасы мен оның кішкентай балаларын іздеп жатыр. Тапқан кезде комиссия отырысын өткізіп, әрі қарай не істейтінімізді шешеміз. Оларды тексеруге жіберуіміз мүмкін", - деді Ербол Жанғазиев.

Осы ретте полиция балалардың алған жарақаттарының дәрежесі мен сипаты сараптама арқылы анықталатынын айтты. Әзірге жасөспірімдер танысының үйінде. Олар үйлеріне қайтуға қорқады.

Еске сала кетсек, Павлодарда трамвай аялдамасынан анасы тастап кеткен бір жасар бала табылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886889-ryp-sanysky-tykkan-zetisajda-eki-bala-tugan-anasynan-kasyp-ketti/

pixel