Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ХҚКО-ға күтпеген жерден барған министр қазақстандықтардан кешірім сұрады

Жарияланған күні:

Халыққа қызмет көрсету орталығы
Көрнекі фото: egov.kz

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин күтпеген тексеріспен халыққа қызмет көрсету орталығына барды. Осыдан кейін ведомство басшысы орталықтағы жағдайдан қандай ой түйгенін айтып, ХҚКО жұмысына өзгерістер енгізуді тапсырды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ

ХҚКО-ға клиент ретінде барған Мусин онда барлығы да "қалағандағыдай емес" екенін атап өтті.

"Күтпеген кезде бару – жалпы жағдаймен танысудың ең тиімді әдісі екенін тағы да түсіндім. ХҚКО жанындағы дүңгіршектерде "көмекшілерге" тап болдым, онда ЭЦҚ шығаруға және egov қызметтерін алуға ақша арқылы көмектеседі! Пандемияның өршуі кезінде ХҚКО-да өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары жабылды, бірақ қазір бұл дұрыс шешім емес екенін байқауға болады. Өйткені сол дүңгіршектерге адамдар жиналуда, вирус жұқтыру қаупі жойылмады. Оның үстіне ақысыз алынатын қызметтер үшін енді ақша төлеуге тура келіп жатыр", – деп жазды Бағдат Мусин Facebook-те.

Министр бір апта ішінде өзіне-өзі қызмет көрсетудің барлық аймағын қайта қалпына келтіруді тапсырды. ХҚКО-да, оның айтуынша, санитарлық талаптардың сақталуын бақылау қажет.

Санитарлық тораптардың жағдайы

Мусин ХҚКО-лардың санитарлық тораптары сын көтермейтінін айтты. Ол дәретханаларды жөндеуге ақша бөлуді, оларды әр сағат сайын суретке түсіру тәжірибесін енгізуді, фотоны басшыларға және ахуалдық орталыққа жіберіп отыруды тапсырды.

"Сондай-ақ, "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ өңірлік және аудандық басшыларын жеке жуынатын бөлмесі бар сәнді кабинеттерден айыруды тапсырдым. Басшы клиентпен бірге бір санитарлық торапқа баруы тиіс. Осы кезде ғана жағдай басқаша болады деп ойлаймын", – деді министр.

Ұзын-сонар кезек

Министр ХҚКО-ға барған кезде тіркеу орны жанында адамдар жиналып қалатынын байқаған. Айтуынша, кезек талон тек консультациядан кейін ғана берілетіндіктен пайда болады.

"Сұраныстағы қызметтер бойынша "куәлікті жоғалтқан кезде не істеу керек?", "сіздің пәтеріңізде тіркеуде бөтен адам тұрса не істеу керек?" және тағы басқа кеңестермен жеке лендинг-парақтар жасау туралы шешім қабылданды", – деп жазды ведомство басшысы.

Ал анықтаманы басып шығару үшін бұрынғы ақпараттық киоскілер кері қайтарылады. Онда жеке куәлікті қойып, сканерлеуге және кез келген анықтаманы басып шығаруға немесе қызметке өтінім беруге болады.

"Жеке куәлікті қайта жасаттым. Суретке түсірген кезде, фотоны көру үшін орыннан тұрып, оператордың мониторына қарауға тура келеді. Әлбетте, бұл ыңғайсыз. Сол себепті барлық жерге екінші монитор қойылатын болды", – деді Мусин.

Сонымен қатар, жақын арада клиенттерге құжаттың дайын болғаны туралы СМС-хабарлама жолдау сервисі іске қосылады.

"Бұрын ХҚКО-ға бармағаным үшін кешірім сұраймын. Азаматтар ХҚКО-ға барып жүрмес үшін барлық қызметті онлайнға ауыстыруды ойлап едім. Алайда, ересек буын үшін ХҚКО-ға бару әлдеқайда ыңғайлы екенін мойындаймын. Сондықтан қызмет көрсетуді одан әрі жақсарту үшін жұмыс істеймін", – деп түйіндеді ол.

Еске салсақ, Бағдат Мусин цифрлық даму министрі қызметіне осы жылдың қыркүйегінде тағайындалды.

Еске салсақ, Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Қазақстанда нашар интернет үшін байланыс операторларына ірі көлемде айыппұл салу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтқан.

Оған қоса, Бағдат Мусин ақпараттық қауіпсіздік комитетінің Қазақстанда енгізуге ұсынылған бірнеше бастамаларын айтты. Олардың арасында жеке деректерді ұмыттыру және қайтарып алу құқығы бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887179-hkko-ga-ktpegen-zerden-bargan-ministr-kazakstandyktardan-kesirim-srady/