Маңғыстаулық полицейлер баласын емдетпек болған адамның 4 млн теңгесін тауып берді
Жарияланған күні:
Шымкент қаласындағы үйін сатып, Маңғыстауға бет алған жолаушы абайсызда 4 млн теңгесін жоғалтып алды. Ол бұл қаражаттың бір бөлігіне сырқат баласын емдетпек болған. Көліктегі полиция департаменті ақша салынған сөмкені бес күн іздеп, оны иесіне қайтарып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Департаменттің хабарлауынша, оқиға 27 қараша күні болған. Шымкенттен Маңғыстауға келген Асқар Жуланов пойыздан түсіп, әрі қарай көлікке отырмақ болады. Сөмкелерін көлікке салу кезінде бір сөмкесінің жоқтығын байқайды. Жоғалған сөмкенің ішінде 4 млн теңге және басқа да керекті құжаттары болған.
Ер адам сөмкені өз бетінше іздегенімен, оны таба алмапты. Осыдан кейін ол Желілік полиция бөліміне келіп, қомақты қаржысын жоғалтқанын айтып, арызданған.
Маңғыстау станциясының жедел уәкілдері жүргізген жедел-іздестіру іс шарасы нәтижесінде ақша салынған сөмке табылды.
"Жолаушы азамат поездан түскен кезде сөмкесін перронда қалдырып кеткен. Одан соң, сөмкені белгісіз жолаушы өзімен бірге алып кетеді. Вокзал аумағы адамдар көп шоғырланатын орын болғандықтан, іздеу процесі өте күрделі болды. Бес күнге созылды. Өтініш келіп түскен күннен бастап, барлық аумаққа жаяу рейд жүргіздік. Вокзал аумағын мекендейтін қаңғыбастар, қоқыс орындар, станцияға жақын орналасқан ғимараттар - барлығы дерлік тексеріске алынды", - дейді Маңғыстау станциясындағы Желілік полиция бөлімі бастығының жедел қызмет жөніндегі орынбасары Қуанышкерей Қызылбаев.
Оның айтуынша, арызданушы азамат отырған пойыз вагонының әрбір жолаушысы да тексерілген.
"Жолаушылармен жеке-жеке байланысқа шығып, мекен-жайларына дейін бардық. Бұл іске барлық жедел уәкілдер жұмылдырылды. Нәтижесінде сөмкенің бөтен жолаушының қолында кеткенін анықтап, таптық. Ақша толықтай иесіне қайтарылды", - деді Қызылбаев.
Ал ақшасы табылып, қуанышы қойнына сыймай тұрған Асқар Жуланов бұл қаражаттың 50 пайызына Ақтаудан үй алатынын, қалғанын сырқат баласын емдетуге жұмсайтынын айтып, полицейлерге алғыс білдірді.
"Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен, әрі маңызды қаражат болатын. Ақшамыз табылып, қуанышымыз қойнымызға сыймай тұр. Бес күнге созылған полицейлердің осындай күрделі жұмыстарына куә болып, риза болып отырмын. Алғысымыз шексіз", - дейді Асқар Жуланов.
Еске сала кетсек, Павлодарда "Арай" сауда үйіндегі өрт ауыздықталғаннан кейін өрт сөндіру қызметкері сауда нүктелерінің бірінен бір бума ақша тауып алып, иесіне қайтарып берген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887584-magystaulyk-policejler-balasyn-emdetpek-bolgan-adamny-4-mln-tegesin-tauyp-berdi/